Түркістанда «Наурызнама» онкүндігі басталды
19:31, 14 Наурыз 2024
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM-Түркістандағы этноауыл кешенінде Амал мерекесі аталып өтті.
Тұрғындар бір-бірін қыстан аман-есен шығуымен құттықтап, төс қағысты. 70-ке жуық жас қолөнерші өз туындыларынан көрме ұйымдастырса, орта арнаулы оқу орындарының студенттері қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынды.
«Қазақ әрқашан Наурыз мерекесін ерекше атап өткен. Қыстан аман-есен шыққанына шүкірлік етіп, жақсылыққа үміт еткен. Осы орайда, ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті – Наурыз мерекесі баршамызға құтты болсын. Ұлыс оң, ақ мол болсын!», - деді Түркістан қаласы әкімі аппаратының басшысы Талғат Қыдырбаев.
Мазмұнды мереке қалалық Мәдениет үйі өнерпаздарының көрісу күніне арнайы дайындаған қойылымымен жалғасты.