Түркістанда салынып жатқан жолдардан кемшіліктер анықталды

Фото: Алматы әкімдігі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Жол сапасына сараптама жасаудың жаңа тәртібі енгізілді. 

Ұлттық сапа орталығының инженерлері мен зертханашылары Түркістан қаласында жаңадан салынып жатқан 13 көшеден 9 ақау анықтаған. Алайда, бұл кемшіліктердің бірде-біреуі жойылмаған. Мердігерлер құрылыс материалдарын да дұрыс іріктемеген. Сондай-ақ, мамандар қаладағы құрылыс нысандарына 17 рет барып, 93 сынама алған. Нәтижесінде олардың 35 пайызы талапқа сай болмай шыққан.

— Енді тапсырыс берушілер мен мердігерлер мұндай ескертулерді елеусіз қалдыра алмайды. Себебі, жаңадан салынған жолдар Ұлттық сапа орталығының қорытынды есебінсіз пайдалануға берілмейді. Жергілікті әкімдік әр нысанның сараптамадан өтуін қамтамасыз етуге міндетті. Бұл талаптар тапсырыс берушілердің қызметі мен міндетін нақтылайтын Үкіметтің бұйрығына енгізілген өзгерістерде көрсетілген, — делінген Ұлттық сапа орталығының Түркістан филиалы таратқан ақпаратта.

Түркістан қаласы әкімдігінде өткен жиында орталықтың қызметін реттейтін, сондай-ақ сараптама түрлері мен көлемін, мерзімін белгілейтін құжат таныстырылды. Онда орталықтың бөлім басшысы Қайрат Шәкіров қаладағы сала мамандарына жаңа тәртіп пен талаптарды түсіндірді.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістанда көпқабатты үйлерде тәртіп бұзғандарға айыппұл салынатындығын жазған болатынбыз.