Сапардың мақсаты – 2026 жылғы 23 тамызға жоспарланған ҚР Құрылтайы депутаттарын сайлауға дайындық жұмыстарының өңірде ұйымдастырылу барысымен танысып, жергілікті сайлау комиссияларына әдістемелік көмек көрсету.
Сапар аясында Нұрлан Әбдіров Түркістан қаласындағы №133 және №951, сондай-ақ Кентау қаласындағы №39 және №44 сайлау учаскелерінің жұмысымен танысты. Аралау барысында учаскелердің материалдық-техникалық базасы, дауыс беру кабиналары мен жәшіктерінің жай-күйі және қауіпсіздік талаптарының сақталуы зерделенді.
Сонымен қатар учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесіп, сайлаушылар тізімдерін нақтылау, сайлау бюллетеньдерін қабылдауға дайындық және тұрғындармен тиімді байланысты ұйымдастыру жұмыстарының барысын талқылады.
Төраға сайлау күні азаматтарға, әсіресе қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығына ерекше тоқталып, тиісті тапсырмалар берді.
Сондай-ақ Нұрлан Әбдіров мемлекеттік органдар мен аумақтық сайлау комиссияларының өкілдерінің қатысуымен арнайы кеңес өткізді.
Кеңесте сайлау процесінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету мәселелері қаралып, әрбір аумақтық комиссия төрағасына сайлаушылардың конституциялық құқықтарын толық іске асыру үшін барлық қажетті шараларды уақытылы қабылдау тапсырылды. Сонымен қатар сайлау учаскелерін қажетті техникалық құрал-жабдықтармен және тұрақты интернет желісімен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, бүгінде өңірде 2 миллионнан астам тұрғын бар. Оның ішінде 1 204 659 азаматтың дауыс беру құқығы бар, бұл – өңір халқының 56 пайызы. Сайлауды сапалы ұйымдастыру мақсатында облыста 18 аумақтық және 952 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді.
– Өңірде демографиялық өсім артып, жаңа тұрғын үйлердің көптеп салынуына байланысты биыл Түркістан қаласында үш және Сауран ауданында бір жаңа сайлау учаскесі ашылып, алты сайлау учаскесінің шекарасы қайта қаралды. Қазіргі уақытта барлық 952 сайлау учаскесі қажетті материалдық-техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілген, – деп хабарлады облыстық аумақтық сайлау комиссиясы.
Сонымен қатар сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында цифрлық технологиялар да кеңінен қолданылып жатыр. Облыс әкімдігінің интернет-ресурсында «Өз сайлау учаскеңізді табыңыз» онлайн сервисі іске қосылған. Сайлау күні бұл мүмкіндік 557 учаскеде қолжетімді болады. Сондай-ақ азаматтар өздерінің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін eGov порталы арқылы тексере алады. Бұдан бөлек тұрғындарға қызмет көрсету үшін 22 шағын ХҚКО, 18 жергілікті Call-орталық және «109» бірыңғай байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істеуге дайын.
Қазіргі уақытта комиссия мүшелері сайлаушыларға арнайы шақыру қағаздарын тарату жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл науқан 7-12 тамыз аралығын қамтиды.
– Халықты ақпараттандыру мақсатында өңірдегі 16 сауда орталығындағы 215 теледидарда, 45 медициналық ұйымда және ХҚКО-ларда ақпараттық бейнероликтер көрсетіліп жатыр. Сонымен қатар базарлар мен теміржол вокзалдарында аудиороликтер таратылып, қоғамдық тамақтану орындарында 4200 инфобаннер орналастырылды. Халық көп қатынайтын 150 автобустың тұтқаларына арнайы ақпараттық жапсырмалар ілінді, – делінген облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінде.
Бұған дейін Түркістан облысында ерекше қажеттілігі бар 14 873 сайлаушы тіркелгені туралы хабарлаған едік.