Түркістанда ІТ-технологиялар арқылы киберқауіпсіздік нығайтылып келеді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Қала әкімдігіне қарасты барлық құрылымдық бөлімшелердің компьютерлері заманауи антивирустық бағдарламалармен жабдықталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында еліміздің дамуы цифрландырумен тікелей байланысты екенін, жаңа технологияларды игеру мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыратынын үнемі атап өтеді. Сондықтан цифрлық шешімдерді енгізумен қатар, киберқауіпсіздікті күшейту де бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналды.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ақпараттық қауіпсіздікті елемеу мемлекет үшін де, қоғам үшін де үлкен қатер төндіреді. Осыған орай Қазақстанда ұлттық деңгейде кешенді бағдарламалар қабылданып, барлық өңірлерде, соның ішінде Түркістан қаласында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Қала әкімдігі ІТ-технологияларды енгізу арқылы қауіпсіздік деңгейін арттыруға, кибершабуылдардың алдын алуға бағытталған нақты қадамдар жасап отыр.
Қала әкімдігіне қарасты бірқатар мекемеде ғимаратқа кіруді басқару және бақылау жүйесі енгізілді. Бұл жүйе ғимараттарға рұқсатсыз кірудің алдын алып қана қоймай, қызметкерлердің жұмыс уақыты мен қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Жүйенің тиімділігі мекемелердің ішкі қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, еңбек тәртібін сақтауға да ықпал етіп отыр.
Сонымен қатар, ақпараттық қауіпсіздікті сақтау мақсатында тұрақты түрде ішкі мониторинг жұмыстары жүргізіліп тұрады. Әр ай сайын өткізілетін тексерулер барысында компьютерлердің қорғаныс жүйелері, ақпараттардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі, мәліметтердің сыртқа таралмауы және рұқсатсыз бағдарламалардың қолданылмауы қатаң қадағаланады. Бұл жүйелі бақылау ақпараттық қауіпсіздіктің негізгі кепілі болып отыр.
Түркістан облысының Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының бастамасымен қала әкімдігіне қарасты барлық құрылымдық бөлімшелердің компьютерлері заманауи антивирустық бағдарламалармен жабдықталды. Бұл шара ақпараттық жүйелерді зиянды кодтардан қорғап, интернет арқылы таралуы мүмкін қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді. Әсіресе мемлекеттік қызмет көрсету саласында мұндай қорғаныс механизмдерінің болуы аса маңызды, себебі тұрғындардың жеке деректері мен құжаттары сенімді қорғалуы қажет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Қазақстан цифрлық державаға айналуы үшін киберқауіпсіздікке ерекше мән беруіміз қажет. Ақпараттық кеңістікте ел мүддесін қорғау – стратегиялық басымдық», – деп атап өтті.
Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан қаласында да өз жалғасын табуда. Жоғарыда аталған шаралар тек қана қауіпсіздікті арттырып қоймай, тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға да ықпал етіп отыр.
Алдағы уақытта қала әкімдігі ақпараттық инфрақұрылымды одан әрі жетілдіруді және заманауи бағдарламалық шешімдерді енгізуді жоспарлаған. Бұл Түркістанның өңірлік деңгейде ғана емес, республикалық деңгейде де цифрландыру көшбасшыларының қатарына қосылуына жол ашады.
Қорыта айтқанда, Түркістан қаласында ІТ-технологияларды енгізу мен киберқауіпсіздікті күшейту бағытында атқарылған жұмыстар Мемлекет басшысының Жолдауларында айтылған цифрландыру саясатына толық сәйкес келеді. Цифрлық шешімдер тек қолайлылық үшін емес, елдің ақпараттық қауіпсіздігі мен ұлттық мүддесін қорғаудың басты құралы болып отыр.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістанда электронды қызметке деген сұраныс артып келе жатқанын жазған болатынбыз.