Түркістанда той кортежін ұйымдастырған жүргізушілер жауапқа тартылды

Фото: polisia.kz

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған бірнеше жүргізуші анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады. 

Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде Сауран ауданында өткен қыз ұзату тойы кезінде түсірілген бейнежазба табылған. Видеодан бірнеше көлік иесінің қоғамдық тәртіпке қайшы әрекеттерге барғаны анық байқалған. Атап айтқанда, Mercedes-Benz, Toyota және Nexia 5 автокөліктері жол қозғалысының қауіпсіздігіне қатер төндірген.

– Полицияның тексеруі барысында жүргізушілердің көлікті мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз басқарғаны, маневр жасау ережелерін бұзғаны, жолаушыларды тасымалдау талаптарын сақтамағаны және жолда апаттық жағдай тудырғаны белгілі болды. Сонымен қатар кейбір көліктерге зақым келтірілгені тіркелген. Барлық көлік құралы айыптұрағына қойылды, - делінген Түркістан облыстық полиция департаменті таратқан ақпаратта.

Атай кетейік, бұдан бұрын Түркістанда жасөспірімдер балалар ойын алаңын қиратқанын жазған болатынбыз.