Түркістанда заңсыз салынған 14 ғимарат сот шешімімен бұзылды

Фото: БҚО құрылыс басқармасы

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Рұқсатсыз құрылыс жүргізгендер 30 млн теңгеге жуық айыппұл төлейтін болды.

Сала мамандары жүргізген мониторинг және бақылау жұмыстарының нәтижесінде 112 кәсіпкерлік нысан толық аяқталмай пайдалануға берілгендігі анықталған. Олардың басым бөлігі Тәуке хан даңғылы, Тәуелсіздіктің 10 жылдығы көшесі, С.Қожанов, С. Ерубаев көшелері мен Қызылорда және Кентау тас жолдары бойында орналасқан. Сот шешімімен 14 нысан бұзылды. Сондай-ақ, заңсыз салынған құрылыс нысандарының иелеріне 29 942 120 теңге (7475 АЕК) әкімшілік айыппұл салынған.

— Түркістан қаласы күн санап дамып, жаңа нысандар бой көтеруде. Алайда кез келген құрылыс заң талаптарына сай жүргізілуі тиіс. Құрылыс — тек қала көркі ғана емес, ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігі. Сондықтан заңсыз және рұқсатсыз салынып жатқан нысандарға қатаң бақылау жүргізілуде, — делінген Түркістан облысы әкімдігі таратқан ақпаратта.

Айта кетейік бұдан бұрын Шымкенттегі «Кең баба» этнопаркі бұзылып жатқанын жазған болатынбыз.