Түркістанда Жасыл аймақтың 550-ге жуық жұмысшысының жалақысы уақтылы төленбеген

Коллаж: Kazinform

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістанда ағаш отырғызу, оларды күтіп-баптау және өңірдің экологиялық жағдайын жақсартумен айналысатын «Жасыл аймақ» КММ-де тағы да заң бұзу анықталды.

Бұл жолы мекеме басшылығы 550-ге жуық жұмысшының еңбекақысын уақтылы төлемеген. Аталған дерек прокурорлық тексеру барысында белгілі болды.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, анықталған заңбұзушылықтар үшін мекеме басшысы мен бас есепшісі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

– Заңбұзушылықтарды жою мақсатында прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, оның нәтижесінде 548 жұмысшыға жалпы сомасы 28 710 432 теңге еңбекақы толық көлемде төленді, – деп мәлім етті ведомство.

Еске салсақ, өткен жылдың наурыз айында Түркістан қалалық соты облыстық табиғат пайдалану және табиғи ресурстар басқармасы жанындағы «Жасыл аймақ» КММ бұрынғы басшысы И. Бегасыловқа, оның орынбасары А. Ерназаровқа, КММ заңгері М. Айнабековаға және кәсіпкер И. Муслимовқа қатысты үкім шығарған.

Олар техникалық ерекшелікке және қойылатын сапа талаптарына сәйкес келмейтін арзан пестицидтер мен гербицидтерді сатып алу арқылы 14,9 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылған.