Түркістанда жертөлесі суға толған үйдің мәселесі бес жылдан бері шешілмей келеді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан қаласы Жаңа қала шағынауданы 21/1 мекенжайындағы көпқабатты үй тұрғындары сапасыз салынған үйге наразылық білдірді.
Жеті қабатты үйдегі пәтерлерін тұрғындар бес жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама арқылы алған. Содан бері үйдің шатырынан аққан су жертөлені толтырып, қабырғалар зәк тартқан.
Тұрғындардың айтуынша, жаңбыр жауған сайын үнемі ылғал мен жағымсыз иіс пайда болады. Салдарынан олар су ағатын жерлерге шелек қоюға мәжбүр.
– Күнде жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Жаңбыр жауса, тіпті қорқамыз. Жертөлесі де еш құрғамайды, үнемі сасиды. Бес жыл ішінде құбырлар жиі істен шықты, оны 5-6 рет өз қаражатымызға ауыстырдық. Жағымсыз иістен арылу үшін жиі дезинфекция жасаймыз, оны да өз қалтамыздан төлейміз, – деді үй төрайымы Қаракөз Бейсенова.
Тұрғындар құрылысшылар мен тиісті билік өкілдерін бірнеше мәрте шақырғанымен, мердігер тарапынан нақты әрекет болмаған.
Аталған үйді «Ақ ордасы» мердігер компаниясы салған. Қазіргі таңда нысанның бес жылдық кепілдік мерзімі аяқталған.
– Біз компаниямен соттасып, екі жыл уақыт өткіздік. Сот біздің пайдамызға шешілді, бәрін жасайды деп уәде берілді, бірақ нәтиже жоқ. Өзім осы үй үшін ипотекаға айына 120 мың теңге төлеймін, – дейді тұрғын Ержан Арын.
Сонымен қатар тұрғындар қыс кезінде тоңып, пәтерлердің іші көгергенін жеткізді. Кіреберістегі электр сымдары да жиі ылғал күйде болады.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы тұрғындарды бірнеше жылдан бері әбігерге салған мәселеге қатысты жауап берді.
Қала әкімінің айтуынша, аталған мәселе жақын арада шешімін табады.
– Бұл жұмысты өз күшімізбен атқарамыз. Тез арада бастаймыз. Пәтер ішіне кірмейміз, ал кіреберістерді, шатырды, жертөлені және үйдің қасбетін жөндейміз. Жұмысты қалалық құрылыс бөлімі жүргізеді, өзім қадағалаймын. Осы аптада қажетті материалдарды алып, іске кірісеміз. Сабыр сақтаңыздар. Бес жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселені алдағы наурыз айында түбегейлі шешеміз, – деді қала әкімі.
Бұдан бұрын Түркістанда жаңадан салынған көпқабатты үйдің едені төмен түсіп, іргесі ажырағанын жазған едік.