Рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері мемлекеттік тіркеусіз пайдаланылған көлік құралдарын, жүргізуші куәлігінсіз басқару, мотошлемсіз жүру және жол қозғалысы қағидаларының өзге де талаптарын бұзу деректерін анықтады.
– Жыл басынан бері жол қозғалысы талаптарын бұзған 100-ге жуық электрскутер, электрсамокат және мопед айып тұрағына қойылды. Оның ішінде соңғы бір аптаның өзінде 32 көлік құралы арнайы тұраққа жеткізілді, – деп хабарлады Түркістан облыстық полиция департаменті.
Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғаларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қолданылды.
Тәртіп сақшылары электрскутер, электрсамокат және мопед жүргізушілерін жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға шақырды. Ведомство жолдағы қауіпсіздік әрбір жүргізушінің жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін еске салды.
Бұған дейін Түркістанда бес күнде белдік тақпаған 1000-нан аса жүргізуші жауапқа тартылғанын жазған едік.