Жұмыс сапары аясында республикалық топ өкілдері әлеуметтік және қоғамдық нысандарды аралап, азаматтық және ғылыми қоғамдастық өкілдерімен, студенттермен, қала тұрғындарымен және медицина саласының қызметкерлерімен кездесті. Жиында Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттары талқыланды.
Достық үйінде қала тұрғындарымен өткен басқосуда Жолдауда белгіленген стратегиялық міндеттер, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, жастардың азаматтық белсенділігін арттыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселелері қарастырылды.
Құрылтай депутаты Дихан Қамзабекұлы бағдарламалық құжаттың негізгі тұжырымдарына кеңінен тоқталды.
– Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған идеологиялық бағыттардың маңызы зор. Елдің дамуы тек экономикалық өсіммен немесе инфрақұрылымды жаңғыртумен ғана өлшенбейді. Ең алдымен, ол азаматтардың санасы мен қоғамдық құндылықтарға байланысты. Бүгінде бізге білімді, еңбекқор, отаншыл әрі инновациалық тұрғыда ойлайтын жас ұрпақ қажет. Осы тұста адалдық, әділдік, заңға құрмет және қоғамдық келісім қағидаттарын нығайту – стратегиялық міндеттердің бірі. Әсіресе жастардың елге қызмет етуге, ұлттық құндылықтарды сақтауға және заманауи технологияларды меңгеруге деген ұмтылысын қалыптастыру айрықша маңызды, – деді Дихан Қамзабекұлы.
Депутаттың айтуынша, Жолдауда көтерілген бастамалар әрбір қазақстандықтың күнделікті өмірінен көрініс табуы тиіс. Өйткені шынайы отаншылдық сөзбен емес, адал еңбекпен, сапалы біліммен, қоғамдық өмірге белсенді араласумен және ел болашағына бейжай қарамаумен өлшенеді.
Дихан Қамзабекұлы жаңа тарихи кезеңдегі мемлекеттің табысты дамуы, ең алдымен, ортақ құндылықтарға негізделген саналы қоғам мен азаматтық жауапкершіліктен басталатынын атап өтті.
Осыдан соң жұмыс тобының мүшелері Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне барып, ғылыми қоғамдастық және профессор-оқытушылар құрамымен кездесті. Бас қосуда білім мен ғылымды дамыту, ғылыми әлеуетті арттыру, қоғамдық келісімді нығайту, аграрлық секторды жаңғырту және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.
Одан соң делегация мүшелері «Ұлы Дала елі» орталығында Халықаралық туризм және меймандостық университетінің студенттерімен кездесті. Ашық диалог барысында спикерлер Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген басымдықтарды түсіндіріп, ел дамуындағы жастардың рөліне, азаматтық жауапкершілік пен ұлттық бірліктің маңызына, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын тиімді басқару міндеттеріне тоқталды. Кездесу соңында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.