Түркістанда жөндеуден өткен көпқабатты үйдің қабырғалары қайта жарылып жатыр

Фото: Сәбит Тастанбек

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан қаласы, «Отырар» шағынауданында кезекте тұрғандарға берілген №32 үйдің тұрғындары үйінділердің астында қаламыз ба деп үрейленіп отыр. 

Бұл 5 қабатты 60 пәтерлік тұрғын үйдің бой көтергеніне небәрі алты жыл болған. Алайда қабырғаларына сызат түсіп, жарықшақтар күннен-күнге үлкейіп келеді. Осының әсерінен туыстарының үйін паналап кеткен тұрғындар да бар. 

Фото: Сәбит Тастанбек

Аталған үйдің тұрғыны, жалғызбасты ана Злиха Искакованың айтуынша, қабырғадағы сызаттардан бөлек, жыл сайын жылыту маусымында үйдің құбырлары жарылып кетеді. Қазіргі таңда су жүргізілген құбырлардың айналасы көгеріп, сыз тартып тұр. 

Фото: Сәбит Тастанбеков
Фото: Сәбит Тастанбек

— Жарылған қабырғаларды жамай бергеннен не пайда? Уақыт өте келе тағы да сыр береді. Қыс түссе суық, құбырлар істен шығып, проблемамыз басталады. Жоғарыдан су ағады. Сантехниктерді шақырсақ, дер кезінде келмейді, жұмыстан тыс уақытта келіп тұрмыз деп ақысын сұрайды. Сондықтан құбырлардың ақауларын өз қаражатымызға істеуге тура келді. Өзімнің үйіме 4 жыл бұрын ғана жөндеу жұмыстарын жүргіздім. Бірақ құрылысшылар жақында көршілерімнің үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде менің асүйімде қабырғадағы кафелдер құлап, қайтадан жарылып жатыр. Жаман айтпай жақсы жоқ, егер жер сілкінсе, не болады, үйдің астында қаламыз ба деп қорқамыз, — дейді тұрғын.

Қынжылтарлығы сол, таяудағы жөндеу жұмыстарынан соң пәтерлер қайта бүліне бастаған. Тұрғындар сапасыз үйдің қабырғасы құлап кете ме деп жандарын шүберекке түйіп отырғанын айтады.

— Құрылысшылар бетон тіреуіш құю үшін үйдің іргетасының жан-жағын айналдыра қазды. Бірақ осыдан соң үй одан сайын жарыла бастады. Мәселен, менің пәтерімде ені 5 сантиметр болатын жарықшақ болды. Олар көбік құйып, сыланған. Су құбырларының ақауынан ба, үйдің іргетасы нық болмай тұр ғой. Осы жайт жанымызға батады, — дейді тұрғын Абылғазы Бейсенов. 

Фото: Сәбит Тастанбек

Жалпы бұл көпқабатты үйге алты жылдың ішінде бірнеше рет жөндеу жұмыстары жүргізілген. 

Фото: Сәбит Тастанбек

Түркістан қаласы құрылыс бөлімінің мәліметінше, 2021 жылы тұрғын үй техникалық тексеруден өтіп, апаттық емес деген қорытынды алынған. Тұрғын үйдің жертөлесінде су кету салдарынан тұрғын үйге ортаңғы бөлігінің артқы жағынан екі жерден тіреу, яғни темір торламамен бетон құйылып, ретке келтірілген. Ал 2023 жылы тұрғындар тарапынан кіреберіс және үйдің сыртқы қабатында жырықтар көбеюіне байланысты қайта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Фото: Сәбит Тастанбек
Фото: Сәбит Тастанбек
Фото: Сәбит Тастанбек
Фото: Сәбит Тастанбек

— 2025 жылы тұрғын үйдің 5 жылдық кепілдік мерзімі өтіп кетуіне байланысты демеушілер есебінен аталған тұрғын үй қайта техникалық тексеруден өткізілді. Нәтижесінде тиісті зерттеу орталықтарының ұйғарымымен бұл үй апаттық емес деп танылды. Техникалық тексеру барысында сарапшының ұсынысы бойынша қосымша тұрғын үйдің іргетасына жан-жақты 33 бетон тіреуіш құйылып, 16 пәтерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 1,2 кіреберістегі қабырғадағы сызаттар қайта жөнделді. Қазіргі таңда әкімдік тарапынан тұрғындардың пәтерлерін жөндеу жұмыстары жалғасуда, — дейді Түркістан қаласы әкімдігінің өкілдері.

Тұрғындардың сөзінше, апаттың салдарымен күрескенше, оның алдын алған жөн. Сондықтан басқа қауіпсіз жерге көшіруі тиіс деген талап-тілегін де жеткізді. Ал қала билігі болса үйдің апатты жағдайда емес екенін айтып, дүрлігуге негіз жоқ деп отыр.

                                                                                                                                                                                                                                                          Сәбит ТАСТАНБЕК