Түркістанда журналистің ұрланған көлігі бірнеше сағат ішінде табылды

АСТАНА. KAZINFORM – Түркістан қаласында полиция қызметкерлері заңсыз айдап әкетілген автокөлікті бірнеше сағат ішінде тауып, күдіктіні анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: Түркістан облыстық ПД

Түркістан қалалық полиция басқармасына журналист хабарласып, жұмыс орнының алдында тұрған өзіне тиесілі көлікті белгісіз біреу айдап кеткенін айтқан.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Оқиға орны тексеріліп, қаладағы бейнебақылау камераларының жазбалары зерделенді. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті бірнеше сағат ішінде анықталды.

– Автокөлікті заңсыз айдап кеткен күдікті Түркістан қаласының жұмыссыз тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта көлік айғақты зат ретінде тәркіленіп, арнайы айып тұрағына қойылды, – делінген хабарламада.

Қазір іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Өз кезегінде көлік иесі полиция қызметкерлерінің кәсіби әрі жедел әрекетіне алғыс білдірді.

– Полиция қызметкерлерінің кәсіби жұмысына шынайы алғысымды білдіремін. Олардың жедел әрекетінің арқасында автокөлігім аз уақыттың ішінде табылды. Осы орайда Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаровқа және іздестіруге қатысқан барлық қызметкерлерге ерекше ризашылығымды жеткіземін, – деді Айгерім Айтаханова.

Айта кетейік, Тараз тұрғыны ұрланған көлікті сатып алып, сот арқылы 6,5 млн теңгесін өндіріп алды.