Түркістандағы білім саласын цифрландыру жаңа деңгейге көтеріліп келеді

Фото: Түркістан қаласы білім бөлімі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Түркістан қаласының білім саласында заманауи технологияларды кеңінен қолдану арқылы оқушылардың білім сапасын арттыруға және оқу үдерісін тиімді басқаруға бағытталған кешенді жұмыстар жоғары деңгейде жүзеге асып жатыр.

Қала мектептері мен балабақшаларында енгізіліп жатқан цифрлық шешімдер – «Ақылды мектеп», «Алақан», STEAM зертханалары және электронды жүйелер – оқушылар мен педагогтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, білім беру үдерісін заманауи талаптарға сай ұйымдастыруға мүмкіндік беріп келеді. Бұл бастамалар білім саласында инновациялық инфрақұрылым құру, цифрлық сауаттылықты арттыру және ұлттық рухани құндылықтарды насихаттау бағытындағы маңызды қадам болып отыр. Түркістан қаласының білім бөлімінің басшысы Бақытжан Төлімбетпен болған сұхбатымызда қаладағы білім саласын цифрландыру барысы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды кең көлемде сараладық.

- Бақытжан Нұрмаханбетұлы, Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында цифрландыру жайына басымдық беріп, бұл саланы алдағы уақытта дамыту міндетін жүктеді. Жалпы, Түркістан қаласында білім саласын цифрландыру бойынша қандай жұмыстар жүзеге асырылып жатыр? Осы жағына кең көлемде тоқталып өтсеңіз.

- Бүгінде Түркістан қаласында білім саласын цифрландыру бағытында кешенді жұмыстар қолға алынып, жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Яғни, жолдау жүктеген міндеттер бойынша көптеген жұмыс жүзеге асып жатыр. Атап айтқанда, «Ақылды мектеп» пилоттық жобасы аясында С.Рахимов атындағы мектепке жоғары сапалы бейнебақылау камералары, «Smart» жүйесімен жабдықталған дабыл түймесі, дәліздерге, кітапхана мен әжетханаларға ауа сапасын өлшейтін датчиктер қойылып, оқушылар мен қызметкерлердің денсаулығына қауіп төнбеуіне жағдай жасалып жатыр. Face ID арқылы оқушылардың кіру-шығуын тіркейтін жүйе, автоматтандырылған кітапхана мен асхана жүйелері енгізілді. Сонымен қатар мектептің интернет жылдамдығы 500 Мбит/секке дейін арттырылып, Wi-Fi желісі толық орнатылды.

Бұдан бөлек, балабақшаларда «Сана» жүйесі арқылы балалардың қатысуын автоматты түрде тіркеу, бейнебақылау орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жекеменшік мекемелерге де кезең-кезеңімен енгізілмек.

Сонымен қатар электронды кітапхана, оқу құралдары, робототехника кабинеттері, интерактивті панельдер арқылы оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында да нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы алғанда, бұл бастамалар білім беру сапасын арттырумен қатар, қауіпсіздік пен басқару үдерістерін тиімді ұйымдастыруға зор мүмкіндік беріп отыр.

- Қалада қанша мектепке «Алақан» жүйесі орнатылды және бұл жобаның тиімділігі неде?

- Түркістан қаласында «Алақан» жүйесі пилоттық режимде бір ғана №28 мектеп-лицей білім мекемесінде енгізілді. Бұл жүйе оқушылардың мектепке келуін және шығуын биометриялық деректер арқылы автоматты түрде тіркеп, ата-аналарға жедел хабарлама жіберуге мүмкіндік береді. Жобаның негізгі тиімділігі – мектеп оқушыларының қауіпсіздігін арттыру және ата-аналармен кері байланысты күшейту.

- Электронды үкімет бойынша ата-аналар мен оқушылар, тұрғындар тарапынан түсіп жатқан сауалдар мен ұсыныстар бар ма? Жалпы құжат айналымының орындалу барысы қалай? Электронды үкімет бойынша жыл басынан бері қанша құжат түсті, қаншасы орындалды?

- 2025 жылдың 8 айы ішінде «Е-Өтініш» платформасы арқылы Түркістан қаласының білім бөліміне жалпы 375 өтініш келіп түсті. Оның ішінде: 183 өтініш, 8 шағым, 56 ұсыныс және 128 хабарлама тіркелген. Барлық өтініштер белгіленген тәртіппен қаралып, уақытылы жауап берілді. Өтініштерді қарау барысында мерзімінен кешіктіру фактілері тіркелген жоқ.

Сондай-ақ есептік кезеңде мемлекеттік қызметтер бойынша 8 айда барлығы 683 қызмет көрсетілді. Алайда техникалық ақаулықтарға байланысты 3 өтініштің орындалу мерзімі қысқа мерзімге кешіктіріліп, кейін толық орындалды. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.

- IT-технологияларды қолдану, елдің кибер қауіпсіздігін күшейту мақсатында қандай жұмыстар жүзеге асып жатыр?

- IT-технологияларды қолдану және кибер қауіпсіздікті күшейту бағытында білім саласында бірқатар нақты шаралар жүзеге асып жатыр. Мектептерде электрондық журналдар мен күнделіктер (BilimLand), автоматтандырылған басқару жүйелері Ұлттық біріңғай деректер қоры (ҰБДҚ) енгізіліп, оқу процесі цифрлық форматқа көшіріліп жатыр.

Кибер қауіпсіздік тұрғысынан:

- Білім беру ұйымдары қорғалған интернет желісімен, фильтрация жүйесімен және вирусқа қарсы бағдарламалармен қамтылған;

- Мұғалімдер мен оқушыларға арналған кибергигиена және интернеттегі қауіпсіздік тақырыптарында тұрақты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі;

- Кейбір пилоттық мектептерде Face ID, бейнебақылау, дабыл түймесі және ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігін бақылау құралдары іске қосылған;

- Ақпараттық жүйелерге кіру — тек рұқсат етілген деректер негізінде жүзеге асырылады.

Бұл шаралар оқушылардың қауіпсіздігін арттырумен қатар, білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етіп жатыр.

- Қаладағы мектептердің қызметін цифрландыру бойынша қандай жобалар қолға алынып отыр?

- Түркістан қаласында білім беру ұйымдарын цифрландыру бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, мектептердің оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастыру, қауіпсіздік деңгейін арттыру және білім сапасын бақылау мақсатында «Ақылды мектеп» пилоттық жобасы енгізілді.

Жоба аясында:

- Мектептерге жоғары сапалы бейнебақылау жүйелері орнатылып, олар Ішкі істер басқармасының жедел басқару орталығына қосылды;

- Face ID жүйесі арқылы оқушылардың мектепке келу-кетуі автоматтандырылды;

- Wi-Fi желісі мен жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамту толық іске асырылды (500 Мбит/сек дейін);

- Кітапхана және асхана қызметтері де электрондық жүйеге көшірілді;

- Ауа сапасын бақылайтын заманауи датчиктер, дабыл түймелері орнатылды.

- Мектептерді сапалы интернетпен қамту, компьютерлермен жарақтандыру ісі қалай жүргізіліп келеді?

- Бүгінде Түркістан қаласындағы барлық мектеп кезең-кезеңімен жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтамасыз етіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен облыстық білім басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

Мектептерге талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, интернет жылдамдығы 100-ден 500 Мбит/сек аралығында орнатылған. Сонымен қатар, оқу үдерісін цифрландыру мақсатында мектептер компьютерлермен, интерактивті тақталармен және заманауи IT құрылғылармен кезең-кезеңімен жабдықталып жатыр.

Бүгінгі таңда оқушылар мен мұғалімдердің цифрлық білім беру ресурстарына кедергісіз қол жеткізуі үшін барлық жағдай жасалып отыр. Бұл – білім сапасын арттыруға, цифрлық теңсіздікті жоюға бағытталған нақты қадамдардың бірі.

- «Bilim land» цифрлы жүйесінің білім саласында қолдану барысы қалай жүзеге асып жатыр?

- Қазіргі таңда Түркістан қаласы мектептерінде білім беру процесін цифрландыру бағытында бірқатар жүйелер тиімді қолданылып келеді. Атап айтқанда, «Bilimland» платформасы оқу процесін интерактивті әрі қолжетімді етуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл жүйе арқылы оқушылар цифрлы сабақтарға қатысып, қосымша білім алу ресурстарын пайдаланады.

Сонымен қатар, цифрлы құрылғылармен, интернетпен қамту жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді.

- Бірінші сыныпқа биыл қанша бала электронды жүйе арқылы қабылданды?

- 2025-2026 оқу жылында Түркістан қаласы білім бөліміне қарасты 85 жалпы білім беретін мектептерге бірінші сыныпқа қабылдау электронды форматта және қағаз жүзінде іске асырылды. Нәтижесінде, электронды жүйе арқылы 1276 бала, қағаз жүзінде 4121 бала, жалпы бірінші сыныпқа 5397 бала қабылданды.

- «Әлеуметтік әмиян» жобасы Түркістан қаласында жүзеге асырылып жатыр ма?

- Иә, Түркістан қаласында «Әлеуметтік әмиян» (е-асхана) жобасы кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Қазіргі таңда 33 мектеп асханасына бұл жүйе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында орнатылған. Жоба 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап толыққанды жұмысын бастады.

- Оқушылар сабақ барысында цифрлық оқулықтарды қолдана ма?

- Иә, Түркістан қаласы Білім бөлімінің қарасты бастауыш сыныптарында «Цифрлық сауаттылық» пәні электронды оқулықтар арқылы (флеш-карта түрінде) жүргізіледі. Бұл оқушылардың цифрлық білімін арттырып, жаңа технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға септігін тигізеді.

- Биылғы оқу жылында қызметкерлерді жұмысқа қабылдау электронды жүйемен жүргізілді ме?

- Түркістан қаласының білім бөлімі (бұдан әрі-Бөлім), ҚР Оқу-ағарту министрінің 31 наурыздағы №57 бұйрығы негізінде педагогтерді жұмысқа қабылдау Түркістан облысы білім басқармасының 25.08.2025 жылғы №25/5326 санды хатына сәйкес, Бөлімге қарасты барлық мемлекеттік білім беру мекемелеріне педагогтерді жұмысқа қабылдау уақытша тоқтатылуы туралы және қосымша осыған орай білім беру ұйымдарында бос лауазымдарға педагогтерді жұмысқа қабылдау бойынша қағаз форматта жарияланған конкурстарды қағаз форматта аяқтауды, ал модульде жаңа конкурстарды жариялау бойынша хаттар жолданып, жұмыстар жүргізілді.

- Алдағы уақытта Түркістан қаласындағы білім саласында қандай инновациялық жобаларды жүзеге асыру жоспарда бар?

- Түркістан қаласы білім беру саласының стратегиялық дамуына бағытталған қала білімінің құндылығы, қала білімінің көкжиегі, білімге сүйенген қала ұранымен «Samala» бағдарламасы қаланың білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеру, инновациялық идеяларды қолдау және заманауи талаптарға сай тиімді білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында жүзеге асыру жоспарланған.

Түркістан қаласының білім беру ұйымдарында педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыру және сабақ сапасын жақсарту мақсатында Lesson Study әдісі кең көлемде енгізіліп жатыр.

Оқушылардың ұлттық рухын көтеру, тарихи санасын қалыптастыру, түркі әлемінің рухани мұрасын тану арқылы білім беру мазмұнын байыту және жаңғырту мақсатында Көне Түркі Руна жазуларын, Шағатай жазбаларын – 4 мектепке, Яссауитану пәні вариативтік компонент негізінде мектеп бағдарламасына ендіріп, ұлттық тарихи-мәдени мұраны білім беру жүйесіне интеграциялау жоспарланған.

- Білім саласында инновациялық инфрақұрылым құру бойынша қолға алынып отырған жобалар мен жоспарлар бар ма?

- Түркістан қаласындағы білім саласында инновациялық инфрақұрылым құру бойынша STEAM білім беру жобасы жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді кіріктіріп оқыту арқылы оқушылардың STEAM олимпиадалары, хакатондар, ғылыми жобалар байқаулары ұйымдастырылып, дарынды балаларды қолдау жүйесін дамытуды көздейді. Қала мектептерінде STEАM зертханаларын жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр, қазіргі таңда 10 мектепте STEАM зертханалары жұмыс атқарып жатыр.

Қала мектептерінде заманауи Arduino, LEGO Mindstorms, Raspberry Pi платформаларымен жұмыс істейтін робототехника кабинеттері ашылып, оқушылардың техникалық шығармашылығын дамытуға жағдай жасалып жатыр. Қаланың 17 мектебінде Робот құрастыру, бағдарламалау, автоматтандыру негіздері оқытылады.

- Әңгімеңізге рақмет!