Түркістандағы этноауылда тоғызқұмалақ аллеясы ашылды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Түркістан қаласындағы этноауылда тоғызқұмалақ аллеясы ашылды. Енді қала қонақтары мен тұрғындары ашық аспан астында тоғызқұмалақ ойнай алады.

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Дүниежүзілік көшпенділер ойынын қолдау мақсатындағы игі бастамаға Түркістанның тумасы, тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Мақсат Раманқұлов ұйытқы болып отыр.

Дүниежүзілік және Республикалық тоғызқұмалақ федерациясының президенті, қоғам қайраткері Әлихан Байменов өз сөзінде бұл шара зияткерлік пен дәстүрді тоғыстыратын тоғызқұмалақ спорт түрінің рухани шаһарда қарқынды дамуына жол ашатынын айтты.

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Іс-шарада Әлихан Байменов Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевпен тоғызқұмалақ тақтасында ойын көрсетті.

Сондай-ақ, алғашқы сайыс ұйымдастырылып, жеңімпаздарға арнайы сый-сияпат ұсынылды. Алдағы күндері тағы төрт тоғызқұмалақ тақтасы орнатылып, ел игілігіне беріледі деп күтілуде.

Айта кетейік, Түркістанда өткен жылы ашылған Балалар және жасөспірімдер спорт клубында қазақ халқының мұрасына айналған тоғызқұмалақ үйірмесі бар. Мұнда да жаттықтырушылар көптеген шәкірт тәрбиелеп, жастарды ұлттық спортқа баулып жүр.