Түркістандағы колледжде студент қыздарды ұлдардың бөлмесін жинауға мәжбүрлеген — білім басқармасының жауабы

Фото: БҚО әкімдігі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде Түркістан облысы білім басқармасына қарасты көпсалалы индустриалды-техникалық колледжінің студент қыздары жатақхана әкімшілігінің әрекетіне шағымданғаны туралы ақпарат тарады

Студенттердің айтуынша, оларды ер балалардың бөлмелерін жинауға, соның ішінде еден жуып, дәретханаларды тазалауға мәжбүрлеген. Ал бұл талаптарды орындаудан бас тартқан жағдайда, жатақханадан шығару және душты пайдалануға тыйым салу жөнінде ескерту жасалған. 

Осыған байланысты Түркістан облысы білім басқармасы Kazinform тілшісіне ресми түсініктеме берді.

Ведомство мәліметінше, аталған жағдай бірден бақылауға алынып, арнайы комиссия құрылып, тиісті зерделеу жұмыстары жүргізілген.

— Қазіргі таңда колледжде 1072 студент білім алады, оның 80-і жатақханамен қамтылған. 23-25 ақпан күндері өтетін облыстық спартакиадаға байланысты жатақханаға қатысушыларды орналастыру қажеттілігі туындаған. Осыған орай тәрбиеші мен вахта қызметкерлері студенттерге ауызша түрде ұсыныс білдірген. Жатақханада студент жігіттердің уақытша болмауына байланысты қыздардан бос бөлмелерде тазалық жұмыстарына көмек көрсету сұралған. Алайда кейбір студенттердің бас тартуына байланысты түсініспеушілік туындаған, — делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта студенттермен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

— Білім басқармасы білім алушылардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты назарда ұстайды. Ішкі тәртіп талаптарын күшейту және осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында қосымша шаралар қабылданды. Жауапты тұлғаларға қатысты заңнамаға сәйкес тиісті шешім қабылданады, — деп мәлімдеді ведомство.

Бұдан Түркістан облысында зауыттан шығатын жағымсыз иіске ауыл тұрғындары наразылық білдіргенін жазған едік