Түркістандағы Күлтөбе қалашығын абаттандыру жобасы неге әлі аяқталмады

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістандағы Күлтөбе қалашығында төрт күмбездің құрылысы 2025 жылы аяқталды. Енді қалашық аумағын толық абаттандыру жобасын іске асыру үшін ЮНЕСКО-ның келісімін алу қажет. Бұл туралы Түркістан облысының әкімдігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікке қарай 350 метр жерде орналасқан Күлтөбе қалашығының тарихы б. з. д. III ғасырдан басталады. Мұнда ашық аспан астындағы заманауи археологиялық парк құру жоспарланған.

Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

Ресми мәліметке сәйкес, «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының аумағын абаттандыру және қалашыққа күмбез орнату жұмыстары 2021 жылы басталған. Кейін археологиялық парктің құрылысын 2024 жылы аяқтау жоспарланғаны хабарланды.  Алайда қалашық аумағын толық абаттандыру жұмыстары әлі аяқталған жоқ.

Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, 2021-2025 жылдары «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының аумағын абаттандыру» жобасы аясында төрт күмбез орнатылған. Мердігер — «Bazis Construction» ЖШС. Құрылыс жұмыстары 2025 жылы аяқталып, нысан мемлекеттік қабылдау актісімен қабылданған.

Фото: Сәбит Тастанбек/ Kazinform
Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

Ал төрт күмбез орналасқан аумақты қоса алғанда, жалпы көлемі 8,9 гектар болатын Күлтөбе қалашығын абаттандыру үшін жаңа жоба әзірленді.

Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform
Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

— Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, 2026 жылғы қыркүйекте мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның құны — 3,6 млрд теңге, — делінген әкімдік жауабында.

Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform
Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

Жоба аясында визит-орталық, музей және кәдесый павильондары, субұрқақтар, ақпараттық тақталар, жарықтандыру бағаналары, көлеңкелі галереялар мен жарнамалық қалқандар орнату қарастырылған.

Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform
Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

— Қазіргі уақытта жобаны іске асыру үшін ЮНЕСКО-ның келісімін алу мақсатында әкімдік тарапынан «Әсерді бағалау есебін» әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келісім алынғаннан кейін жоба қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес іске асырылады, — деп хабарлады облыс әкімдігі.

Бұған дейін Ясауи кесенесінің күмбезін реставрациялау қалай жүріп жатқанын жазған едік.