Түркістандағы өрттердің көбі жеке үйлерде тіркелген
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Биылғы жылдың басынан бері Түркістан облысында 161 өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан үш адам қаза тауып, тағы бір адам жарақат алды.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, тіркелген өрттердің басым бөлігі тұрғын үйлерде болған. Сонымен қатар, кейбір өрт жағдайлары автокөліктер мен сауда орындарында тіркелген.
Мамандардың айтуынша, өрттің негізгі себептері — электр жабдықтарын дұрыс орнатпау, пештерді монтаждау және пайдалану талаптарының сақталмауы, сондай-ақ отты абайсыз қолдану салдарынан болған.
Жалпы материалдық шығын көлемі 281 миллион теңгеден асып отыр.
— Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мобильді топтар тарапынан 161 рейд жүргізілді. Нәтижесінде 151 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 5,7 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Биыл орман алқаптарында бірде-бір өрт оқиғасы тіркелмегенін атап өткіміз келеді. Ал өткен жылы мұндай алты жағдай орын алған болатын, — делінген ведомство ақпаратында.
Айта кетейік, бұдан бұрын Петропавлда ер адамның үстіне бензин төгіліп, тірідей жанып кете жаздағанын жазған болатынбыз.