Түркістандағы павлония ағаштары қурап кетті
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан қаласына отырғызылған павлония ағаштары жерсінгенімен, суыққа төзімсіз болды. Бұл туралы Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев айтты.
Түркістан қаласының аумағына отырғызылған павлония ағаштарының көпшілігі бүгінде қурап кетті.
Ал, жол жиегінде өсіп тұрғандарының бойы биіктемей жатыр.
Бұл мәселені мамандар ағаштың суыққа төзімсіздігімен байланыстырып отыр.
«Павлония ағаштары жерсінді. Көшеттер көгерді. Дегенмен, суыққа төзімсіз болып шықты. Жоғары бөлігі суықтан қурап кетті. Жалпы өзі жылына 3,5 метр өсетін ағаш. Қыста төбесі үсіп кетеді де, күн жылынғанда астынан қайта шығады. Бір ескеретін жайт, павлония ағаштарын отырғызуға бюджеттен ешқандай қаражат қаралған жоқ. Баршасы жергілікті кәсіпкерлердің бастамасымен, демеушілігімен алып келінген болатын», — дейді Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев.