Айдананың шеберлігі паш етілген алғашқы видео Түркияда тарады. Құтқарушылар арасында өткен әлем чемпионатында қазақстандық бойжеткен екінші орынды жеңіп алды. Қаршадай қыздың екінші қабатқа сатымен зу етіп көтерілген сәті әлеуметтік желіде кеңінен талқыланды. «Өрмекші қыз» деген лақап ат та сол видоға қатысты қойылған болатын.
«Стартта тұрған сәтімде танысыма телефонды беріп, түсірттім. Кейін сол видеоны өз парақшама жүктеп қойдым. Арада санаулы минуттар өткенде жан жақтан құттықтаулар келе бастады. Желіде кеңінен мені талқылап жатыр екен. Бір адамдар «Мысық қыз» деп жазса, енді бірі «Өрмекші қыз» деп ат қойып қойды. Тіпті ертеңіне жұлдыз болып шыға келдім. Көшеде танып жатқандар, арнайы тоқтатып суретке түсетіндер пайда болды», - дейді ол.
Айдана Түркістан облыстық ТЖД-да қызмет етеді. Шені аға лейтенант.
Онымен қоса халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Таңертеңмен таза ауада жүгіріп, бой сергітсе, кешкісін спорт залда жаттығулар жасайды.
Биыл Түркияда өткен жарыста кедергілері бар 100 метр қашықтықты 16 секунд ішінде жүгіріп өтті және 7 секунд ішінде екінші қабатқа сатымен көтеріліп, Қазақстан рекордын жаңартты.
Сондай-ақ, 2022 жылы Самарқанд қаласында өткен өрт құтқару спортынан әлем чемпионы атанды.
«Мен спортқа 18 жасымда келдім. Алғаш жеңіл атлетикадан бастадым. Шымкент қаласындағы Аймақтық әлеуметтік инновация университетінде «Дене шынықтыру және спорт факультетінде» білім алдым. Көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы болдым. Жаттықтырушыларым Данияр Абдухаликов пен Мұзафар Ирисовке алғысымды айтамын», - дейді ол.
Айдана соңғы уақытта басқа спорт түріне ауысуды ойлап жүр. Себебі, «құтқарушыларға арналған спорт түрінде ешқандай ынталандыру жоқ», - дейді.
«Жүлде алғандарға ешқандай сыйақы берілмейді. Сондықтан басқа спорт түріне ауысуды ойлап жүрмін», - дейді бойжеткен.