Оқиға полиция қызметкері Шерхан Қалтұрсын жұмыстан тыс уақытта жүрген кезде болған.
Ол банк терминалының алдында күмәнді қаржылық операция жасап жатқан әйелді байқап, мән-жайды анықтауға кіріскен.
Белгілі болғандай, алаяқтар әйелге телефон соғып, туыстарына пошта арқылы сыйлық келгенін айтқан. Кейін сеніміне кіріп, телефонына жіберілген растау кодын сұрап алған.
Осыдан кейін қаскөйлер әйелдің атына 5 млн теңге несие рәсімдеп, ақшаны өз шоттарына аудартуға әрекет жасаған.
Алаяқтардың сөзіне сенген әйел олардың нұсқауын орындау үшін банкке барған.
Алайда жағдайдың мән-жайын түсінген полиция қызметкері оның алаяқтарға алданып тұрғанын айтып, ақша аудару операциясын тоқтатуға көмектескен.
Осылайша 5 млн теңге алаяқтардың қолына түспей, әйел ірі қаржылық шығыннан аман қалған.
Полиция қызметкерінің қызметтен тыс уақытта көрсеткен қырағылығы алаяқтық әрекеттің алдын алуға мүмкіндік берді.
Айта кетейік, бұған дейін Өскеменде қала тұрғыны алаяқтарға ақша аудармақ болған 79 жастағы әжені тоқтатып, оның 3 млн теңгеден астам қаражатын сақтап қалғаны хабарланған.