Түркістандық полицейлер отқа оранған үйден анасы мен балаларын аман алып шықты

Фото: Фото: Түркістан облысы ПД

Түркістандық полицейлер бір отбасын өлімнен құтқарып қалды, деп хабарлайды Kazinform.

Оқиға Түркістан қаласында болған. Қала көшелерін патрульдеп жүрген полиция инспекторлары Бағлан Жүнісов пен Жұмағали Алякбаров таңғы сағат 06:00 шамасында жеке тұрғын үйден өрт шығып жатқанын көрген.

Бірден өрт сөндірушілерді шақырып, өздері де көмекке ұмтылған.

Тұрғын үйдің сыртқы есіктері құлыптаулы болғандықтан тәртіп сақшылары үйдің ауласына асып түсіпті.

Көк түтін басқан бөлме ішінен бір келіншек пен екі бүлдіршінді қауіпсіз жерге алып шыққан.

Сол сәтте оқиға орнына жеткен өрт сөндіру қызметінің мамандары жалынды сөндіруге кіріскен.

«Жедел жәрдем қызметкерлері өрттен зардап шеккен әйел мен оның ұл-қызын тексеріп, алғашқы көмек көрсетті. Тілсіз жау электр сымдарының тұйықталуынан тұтанған. Бүгінде тиісті мамандар тексеру шаралары жүргізіп жатыр. Өз кезегінде жергілікті тұрғын қырағылық танытып, дер кезінде көмек көрсеткен полицейлерге шынайы алғысын білдірді», - дейді полиция аға лейтенанты Бағлан Жүнісов.