Сарыағаш ауданының Жылға ауылында тұратын Бағлан Мырзатайды жерлестері «толайғай» деп атап, ерекше құрметтейді. Оның бойындағы алып күш, төзімділік пен қайсарлық көпшілікті таңғалдырмай қоймайды. Бағлан тек ауылда ғана емес, өңірлік және халықаралық жарыстарда да өз қабілетін дәлелдеп, талай мәрте жүлделі орындарға ие болған.
Бағланның спортқа деген қызығушылығы бала күнінен басталған.
– Бала кезімде дзюдоға қызығып, бес жыл бойы спортты өмірімнің бір бөлшегі еттім. Республикалық біріншіліктерде жүлделі орындар алған кездерім аз емес. Дегенмен күнделікті тіршілікпен айналысып, уақытша спорттан қол үзіп қалдым. Қазір ауылда тұрамын. Негізгі жұмысым жоқ, бірақ қара жұмыс арқылы күш жинаймын. Шөп орып, тас көтеріп, ауылда табылған жұмысты істеп кете беремін – дейді ол.
Бағланның күш-қуаты мен төзімділігі әр жарыста байқалады. Жақында Түркістан облысында өткен толағайлар сайысында бірінші орынды жеңіп, ауылдық спорттағы беделін тағы да арттырды. Өткен жылы Астана қаласында өткен республикалық біріншілікте үшінші орынды қанжығасына байлаған еді. Тіпті, Ташкенттегі әлемдік жарыстан да құр қол қайтпаған ол, сол жарыстан да үшінші орыннан көрінді.
Оның бұл жетістіктері бекер емес. 100 келілік алып тасты 150 метрге көтеріп бару, 160 келілік бөренені иыққа салып 10 мәрте отырып-тұру, 10 келілік найзаны 10 метрге лақтыру, 500 келілік жүгі бар арбаны 12 метрге сүйреп шығу – мұның барлығы Бағлан үшін күнделікті өмірдің бір бөлігі. Жарыстың талабына сәйкес 100 келілік өгіздің муляжын жеті рет көтеру де оның қарапайым ісі болып саналады.
– Жарыс алдында тек үш күн жүгіріп дайындаламын. Үлкен трактордың балонын ары-бері сүйреп, денемді қыздырамын. Негізгі күшімді ауылдағы қара жұмысқа арнаймын. Тас көтеріп, шөп шауып жүремін. Сондықтан арнайы дайындық режимім жоқ – дейді ол.
Бағланның бойы – 1,85 см, салмағы – 98 келі. Ол жақында Алматы облысында өтетін «Ақбидай» дала жарыстарына қатысуды жоспарлап отыр. Бұл жарыс ауылдық спорт түрлерінен өтетін ерекше сайыс, оның ішінде толағайлық сайыс та бар.
Бағлан Наурыз мерекесіндегі қошқар көтеру мен өгіз көтеру жарыстарына да белсенді қатысады. Ол бірнеше мәрте жеңіс тұғырына көтеріліп, ауыл халқының құрметіне бөленген.
– Леңгірде 150 келілік өгізді 12 рет көтеріп, отырып-тұрдым. Ал 45 келілік қошқарды 200 рет көтерген кезім бар. Ендігі мақсатым – әлемдік жарыста бірінші орын алу – дейді ол.
Бағлан отбасы үшін де үлгілі әке. Ол жұбайымен бірге бір қыз бен екі ұл тәрбиелеп отыр. Балалары әкесінің күш-жігерін көріп, әр ісін мақтан тұтады.
– Тас көтерген адам болса болды, әке деп айқайлайды. Балаларым менің ең үлкен қолдаушым – дейді ол.
Бағлан Мырзатай – тек өз ауылында ғана емес, өңірде де, тіпті халықаралық ареналарда да күш-қуатымен, қайсар мінезімен, адалдығы мен қарапайымдылығымен танылып келеді. Оның төзімділігі, еңбекқорлығы, табандылығы – жастарға үлгі, әрбір ауылға мақтаныш.
Ауылда қара жұмыс істеп, күнделікті тіршіліктен күш жинаған Бағлан әр жарысқа тек физикалық дайындықпен ғана емес, рухани дайындықпен де қатысады. Қолына келген тас, бөрене, найза – оның үшін сынақ емес, өмір мектебінің бір бөлігі. Көрермендер оның жарыстағы әр әрекетін тынысын торыға отырып тамашалайды, ал Бағлан үшін бұл – өз қабілетін шыңдау, өз ауылына, өз еліне деген сүйіспеншілігін көрсету.
Осыған дейін Түркістан облысының тұрғыны өзінің туу дерегін 30 жылдан кейін дәлелдегені туралы жаздық.