Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, беделді халықаралық университеттер талапкердің академиялық жетістіктерін, көшбасшылық қабілеттері мен қоғамдық белсенділігін жоғары бағалап, оқу және гранттық мүмкіндіктер ұсынған. Нұрәлі Медина халықаралық IELTS және SAT емтихандарын сәтті тапсырып, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына түсуге қажетті академиялық дайындық деңгейін көрсетті.
Мектеп қабырғасында ол үздік оқушылардың қатарынан көрініп, ғылыми, зияткерлік және қоғамдық жобаларға белсенді қатысты. Ағылшын тілі пәнінен «Жасанды интеллект – ғылыми зерттеудің жаңа мүмкіндіктері» тақырыбындағы республикалық ғылыми-шығармашылық конференцияда І орын иеленіп, республикалық «Ой зерек» олимпиадасының жеңімпазы атанды.
Қазір Нұрәлі Медина өзіне ұсынылған көптеген мүмкіндіктің ішінен Оңтүстік Кореядағы Inha University университетін таңдауға ниет білдіріп отыр. Ол сапалы халықаралық білім алып, болашақта жинаған тәжірибесі мен білімін ел игілігіне жұмсауды мақсат етеді.
Айта кетейік, мектеп бітірушілердің білім жарысында ең жоғары ұпай – 140 балл еншілеген талапкерлер еліміз бойынша санаулы ғана. Соның бірі Қызылорда облысының Шиелі ауданында орналасқан Шоқан Уәлиханов атындағы №127 орта мектеп-лицейдің түлегі Кәусар Алтынсары туралы жазған едік.