Түркістандық ұстаздар Франция, Малайзия, Финляндияда білімін жетілдіреді
ТҮРКІСТАН.KAZINFORM – Өңірде үздік педагогтерді басшылық қызметке конкурссыз тағайындау үшін 150 адамнан тұратын кадрлық резерв жасақталды. Осылайша ары таза мұғалімдерге қызметтік мансабын өсіруге жол ашылып отыр. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев мәлімдеді.
Түркістан облысы республикада ең бірінші болып 500-ден аса мектеп директорын арнайы менеджмент курсына оқытатын болады. Алматыдағы Абай университеті де бастамаға үлес қосуды жоспарлап отыр.
«Түркістандық ұстаздар мен әдіскерлер Жапонияда Лессон стади әдісі, АҚШ-та инклюзивті білім беру, Қытайда техникалық және кәсіптік оқыту бағыттары бойынша тәжірибе алмасып қайтты. Жаңа оқу жылында да осы үрдіс жалғасын тауып, педагогтар Франция, Малайзия, Финляндия елдерінде арнайы тәжірибелік курстардан өтетін болады. Мұнда «Жайлы мектеп» пен «Мақсатты мектеп» ұстаздарына көбірек таңдау жасалады», - деді облыс әкімінің орынбасары.
Бүгінде өңірдегі білім беру ұйымдарында 500 мыңнан астам бала білім алады. Бұл республикадағы әрбір 7-ші оқушы Түркістан облысында деген сөз. Ал жаңа оқу жылында 52 мыңнан астам оқушы 1 сыныпқа қабылданады деп күтілуде.
«Үкімет тапсырмасы бойынша биылғы оқу жылында республикадағы білімі төмен мектептердің тізімі жасалды. Түркістан облысының білім сапасы төмен 162 мектебі 943 «Мақсатты мектеп» ішінде тұр. Ендігі кезекте өңірдегі осы аталған білім ошақтарының білім сапасын жақсарту бойынша жоспар жасалады. Бұл күнде Президент тапсырмасына орай жемқорлық жолмен табылған қаржылар мемлекетке қайтарылып, мектеп құрылысына жұмсалып жатыр. Осы қор арқылы облыста 20 мектептің құрылысы басталды. Оның 13-і биыл пайдалануға беріледі», - деді Бейсенбай Тәжібаев.
Сондай-ақ биыл өңірде 4 апатты 5 үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі. 14 мың оқушы білім алатын 29 Жайлы мектептің құрылысы салынып жатыр.
«Білім саласында бұрын-соңды мұндай құрылыс қарқын алмағаны анық. Биылдың өзінде балабақша, мектеп, колледж, лагерь жалпы 300-ден астам ғимарат күрделі және ағымдағы жөндеуден өтуде. Сондай-ақ қазандықтарын табиғи газға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Жаңадан салынып жатқан нысандар да бар. Бұл бағытта республика көлемінде жетекші өңір. Басым бөлігі ауылды жерлерде орналасқан. Арасында 10 жыл жөндеу көрмеген тозығы жеткен және апатты жағдайдағы ғимараттар да бар», - деді облыс әкімінің орынбасары.
Өңірде жоғары сыныптарда жаратылыстану бағытындағы пәндер мен ағылшын тілін тереңдетіп оқыту маңызды. Сондықтан жаңа оқу жылында 62 мектепке 3,5 млрд теңгеге 265 арнайы пән кабинеттері жабдықталады. Одан бөлек 330 мектепке Илон Макстың спутникті Starlink құрылғысы орнатылды. Бұл әсіресе, шалғайдағы және шекаралық аймақта орналасқан мектептердегі интернет мәселесін түбегейлі шешті.
«Биылғы оқу жылында мемлекеттік 910 мектептегі 221 мың оқушы бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Оған 19,4 млрд. теңге қарастырылды. Облыста мектеп асханалары мемлекеттік-жекешелік әріптестігі арқылы басқарылмақ. Бұл жоба биыл 419 мектеп асханасында іске асады. Нәтижесінде цифрлық жүйе негізінде асхана жабдықтарын жаңартуға мердігерлер 2 млрд. теңгеден астам қайтарымсыз инвестиция қаражатын құяды. Осыған байланысты жаңа цифрлық платформа мектеп асханасына да қатар енгізіледі», - деді Бейсен Тәжібаев.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында «Жайлы мектеп» құрылысын жоспардан кешіктіргендер ескерту алғанын жазған болатынбыз.