Түркістан облысы полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ірі көлемдегі интернет-алаяқтық қылмысына күдікті азаматты қолға түсірді.
Полиция мәліметінше, күдікті өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, әлеуметтік желі арқылы Түркістан қаласының тұрғынын төмен пайызбен несие рәсімдеуге болатынына сендірген. Кейін сенімге кіріп, түрлі сылтаумен жәбірленушіден 2,5 миллион теңгеден астам қаражат алған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтап, Шымкент қаласының тұрғынын ұстады.
— Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында күдіктінің осыған ұқсас тағы үш интернет-алаяқтық дерегіне қатысы бары анықталды. Жалпы шығын көлемі 7 миллион теңгеден асады, — делінген облыстық полиция департаменті таратқан ақпаратта.
Полиция азаматтарды әлеуметтік желілердегі күмәнді хабарландыруларға сенбеуге, сондай-ақ белгісіз адамдарға жеке деректерін бермеуге және ақша аудармауға шақырды.
Бұған дейін Қазақстанда интернет-алаяқтықтан келген шығын 20 млрд теңгеге жеткені туралы жазған едік.