Түркістанның «Тұран» футбол клубы жеке меншікке қашан беріледі

Фото: «Тұран» футбол клубы

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында «Тұран» футбол клубын жекешелендіру бойынша бірқатар инвестормен келіссөз жүргізіліп жатыр.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, жекешелендіру процесін тиімді жүзеге асыру үшін тиісті іс-шара жоспары әзірленген.

– Қазіргі таңда «Тұран» футбол кәсіби клубын бәсекелестік ортаға беру бойынша әлеуетті инвесторлармен келіссөз жүргізіліп жатыр. Жақын арада бұл мәселе шешімін табады. Келісімге қол жеткізілгеннен кейін нақты инвесторды хабарлаймыз, – делінген басқарманың баспасөз қызметі ұсынған жауапта.

Ведомствоның хабарлауынша, футбол клубын жекешелендіруге ниетті үміткерлердің қатарында FlyArystan компаниясы да бар.

Сондай-ақ «Тұран» кәсіби футбол клубы» МКҚК-да келісімшарт негізінде жұмыс істейтін бапкерлік құрам мен футболшылардың еңбек шарттары маусымның аяқталуына және мерзімінің жетуіне байланысты 2025 жылдың желтоқсан айында тоқтатылған.

– Тәуелсіз бағалаушы – «Capital consult» компаниясы тарапынан клубтың кешенді мүлік ретіндегі нарықтық құны анықталды. Қызмет бейінін сақтау жөніндегі шарттары және тендерге қатысушыларға қойылатын талаптары бекітілді. Құжаттамалары бекітіліп, тендер өткізу туралы ақпараттық хабарламалар мемлекеттік мүлік тізіліміне енгізіліп, 12 ақпан күні тендер жарияланды. Қорытындысы 15 жұмыс күні ішінде анықталып, жеңімпазбен келісім-шарт түзіледі, – делінген ведомство ақпаратында.

Бұдан бұрын «Ордабасы» футбол клубының жаңа президенті тағайындалғанын жазған едік.