Қалалық ортаны дамыту мәселесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударған. Президент еліміздің барлық өңіріндегі урбанистика орталықтарының жұмысын жандандырып, елорда тәжірибесін өңірлерге таратуды тапсырды.
Сондай-ақ жайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру кезінде қала тұрғындарының пікірлері мен қажеттіліктерін ескерудің маңызын атап өтті.
Түркістанда урбанистика орталығы 2019 жылғы 4 сәуірде құрылған. Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің қарамағындағы «Түркістан Урбанистика орталығы» КММ сәулеттік тұжырымдамалар, эскиздер мен абаттандыру жөніндегі ұсыныстар әзірлейді. Бұл жұмыстар тарихи қаланың заманауи келбетін қалыптастыруға бағытталған.
Орталықтың қаржыландырылуы, әзірленген жобалары мен алдағы жоспарлары туралы Kazinform агенттігінің ресми сауалына Түркістан қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұхит Көшенов жауап берді.
Урбанистика орталығына қанша қаржы бөлінді
Орталықты Нұрсұлтан Қалмырза басқарады. Мекемеде 24 штаттық бірлік қарастырылған, оның 14-і жобалау бөліміне тиесілі. Мамандар сәулеттік шешімдер, ландшафтық және графикалық дизайн бағыттарында жұмыс істеп, қалалық кеңістіктердің эскиздері мен үш өлшемді модельдерін әзірлейді.
— Орталықтың штатында басшы, оның екі орынбасары, 14 қызметкерден тұратын жобалау бөлімі, алты қызметкерден құралған жалпы бөлім және бас есепші бар. Мекеменің негізгі қызметі — эскиздік ұсыныстар әзірлеу, ландшафтық және графикалық дизайн, үш өлшемді визуализация, сондай-ақ қалалық ортаны жақсартуға бағытталған сәулеттік және жобалық ұсыныстар дайындау, — деді Мұхит Көшенов.
Орталық жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. 2025 жылы мекемеге 99,8 млн теңге бөлінсе, 2026 жылы бұл сома 112,1 млн теңгеге жеткен. Осылайша, бір жылда қаржыландыру көлемі 12 млн теңгеден астамға артқан.
Бөлінген қаражат негізінен мекеменің күнделікті қызметін қамтамасыз етуге, қызметкерлердің еңбекақысын төлеуге, міндетті төлемдер мен материалдық-техникалық қажеттіліктерге жұмсалады. Сәулеттік идеялар мен эскиздерді орталық мамандары өз күштерімен әзірлейді, сондықтан әрбір жоба бойынша жеке жобалау шарттары жасалмайды.
— Орталықтың қызметі жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады. 2025 жылы оның жұмысына 99 млн 835 мың теңге, ал 2026 жылы 112 млн 143 мың теңге бөлінді. Бекітілген қаржыландыру жоспарларына сәйкес, бұл қаражат мекеменің негізгі қызметін қамтамасыз етуге, оның ішінде қызметкерлердің еңбекақысын төлеуге, міндетті төлемдерге, материалдық-техникалық қамтамасыз етуге және орталықтың міндеттерін орындауға байланысты өзге де шығындарға бағытталады. Штаттағы мамандар әзірлеген эскиздік және жобалық ұсыныстар бойынша жеке жобалау шарттары жасалмайды, әр ұсыныстың құны жеке белгіленбейді, — деп түсіндірді Мұхит Көшенов.
Қанша жоба жүзеге асты
Кейінгі екі жылда орталық мамандары 54 жоба мен жобалық ұсыныс әзірлеген. Олардың қатарында сәулеттік шешімдермен бірге қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға бағытталған бастамалар да бар.
2025 жылы 29 жоба мен ұсыныс әзірленіп, оның сегізі жүзеге асырылды. 2026 жылы әзірленген 25 жобаның жетеуі жүзеге асырылды, біреуі іске асырылып жатыр, ал қалған 17-сі қарау және келісу кезеңінде тұр.
Орталық жұмысы әзірленген жобалардың санымен ғана шектелмейді. Мамандар қоғамдық аумақтардың сыртқы келбетіне, жаяу жүргіншілерге арналған кеңістіктерді дамытуға және сәулеттік шешімдердің қалалық ортамен үйлесуіне де мән береді.
— Орталықтың негізгі жұмыс бағыттарына эскиздік ұсыныстар әзірлеу, ландшафтық және графикалық дизайн, үш өлшемді визуализация, қалалық ортаны жетілдіруге бағытталған сәулеттік және жобалық ұсыныстар дайындау жатады. 2025 жылы «Түркістан Урбанистика орталығы» КММ әзірлеген 29 жоба мен ұсыныстың сегізі жүзеге асырылды. 2026 жылы дайындалған 25 бастаманың жетеуі жүзеге асырылып, бір жоба іске асыру сатысында тұр. Қалған 17 жоба тиісті қарау және келісу кезеңінен өтіп жатыр, — деді Мұхит Көшенов.
Түркістанда қандай жобалар әзірленді
Қаладағы өзгерістер қоғамдық кеңістіктерді, аумақтардың сәулеттік безендірілуін және инфрақұрылымды қамтиды. Орталық әзірлеген және жүзеге асқан немесе қазір іске асырылып жатқан жобалардың қатарында мыналар бар:
- «Түркістан қаласының дизайн-коды»;
- «Рәміздер алаңы»;
- «Тайқазан айналма жолы»;
- «Қолөнершілер орталығы»;
- «Имандылық асханасы»;
- Кесене аумағын қоршау жөніндегі жобалық ұсыныс;
- «Эко-парк».
Бұл жобалардың әрқайсысы қаланы дамытудың белгілі бір бағытына арналған. Ұсыныстар қоғамдық аумақтарды жаңғыртуды, қалалық дизайн элементтерін жетілдіруді, абаттандыруды және демалыс орындарын қалыптастыруды қамтиды.
Орталық мамандары көгалдандыру мәселелерімен де айналысады. Олар саябақтар мен скверлерге арналған эскиздер әзірлеп, жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы мен қалалық аумақтарды жарықтандыруды жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындайды.
2026-2027 жылдары қандай өзгерістер жоспарланған
Алдағы жылдары орталық Түркістанды абаттандыруға бағытталған жобалық ұсыныстар әзірлеуді жалғастырады. Негізгі назар қоғамдық кеңістіктерге, жасыл аймақтарға, саябақтар мен скверлерге, сондай-ақ жаяу жүргіншілер бағыттарын дамытуға аударылады.
Жаңа жобалар қала құрылысының міндеттері мен жергілікті бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып қаралып, тиісті келісуден өтуі керек. Жұмыстардың кезектілігі мен жүзеге асырылатын нысандардың тізімі осы шешімдерге байланысты айқындалады.
— Қоғамдық кеңістіктерді дамыту, саябақтар мен скверлерді абаттандыру, қалалық ортаның сапасын арттыру, көгалдандыру, жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын жетілдіру және қаланың сәулеттік келбетін жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасады. 2026-2027 жылдарға арналған нақты жобалар тізімі оларды белгіленген тәртіппен қарау және келісу, сондай-ақ тиісті бюджеттік шешімдер қабылдау нәтижесінде айқындалады, — деп түсіндірді Мұхит Көшенов.
Жайлы әрі қолайлы қалалық орта қалыптастыру еліміздегі урбанистика орталықтарының негізгі бағыттарының біріне айналып келеді. Алматыда да осындай мекеме қалалық жобаларды сараптамалық-талдамалық тұрғыдан пысықтау, қоғамдық кеңістіктерді дамыту және көгалдандыру тәсілдерін жетілдірумен айналысады.
Бұған дейін Өскеменнің даму жоспары мен қалада урбанистика орталығын құру мәселесі туралы жазған едік.