Жаңа бас жоспар 2044 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Сол жылға дейін шаһарда халық саны 400 мың адамға жетеді деп болжанып отыр. Ал І кезеңде (2031 жылға дейін) тұрғындар саны 280 мыңға дейін өседі.
Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұхит Көшеновтың айтуынша, жаңартылған құжатқа сәйкес облыс орталығында 2 мың гектар жер «қызыл сызықтан» алынған. Нәтижесінде 8 мыңға жуық жеке тұрғын үй бұзылмайтын болды.
— Ескі бас жоспар бойынша мемлекет мұқтажына алынатын аумақ 2700 гектар болса, жаңартылған жоспарда «қызыл сызықта» тек 700 гектар жер қалды. Алдағы уақытта жұмыстар қолданыстағы көшелерді кеңейту, кіші айналма жолдарды іске қосу, әлеуметтік нысандар (мектеп, балабақша, аурухана), сондай-ақ жасыл аймақтарды жоспарлау мақсатында жүргізіледі, — деді ол.
Спикердің сөзінше, тұрғын үй қоры 9,8 млн шаршы метрден 11,2 млн шаршы метрге дейін ұлғайды. Көпқабатты тұрғын үйлердің аумағы 147 гектардан 500 гектарға кеңейтіліп, оларға басымдық берілді.
Жаңа жоспар бойынша туристер ағыны 5 млн адамға жетуі, өндірістік аумақ 900 гектарға ұлғаюы және инженерлік инфрақұрылымның күшейтілуі көзделген. Жоспарға жаңа электр қосалқы станциялары, су және газ тарату нысандары енгізілген.
— Екі жылу энерго станциясының құрылысынан бас тартылып, экономикалық тиімді блокты-модульдік қазандықтар енгізілді. Атап айтқанда 7 қабатқа дейінгі үйлер — жеке пәтерлік жылу жүйесі, 9-12 қабатты үйлер — блокты-модульдік қазандықтар және жеке үйлер — автономды қазандық қондырғылары арқылы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар 3 жаңа электр қосалқы станциясы, магистралдық су құбыры, «Сауран» АГТС және ГТП-25, ГТП-14а газ тарату пункттерін салу жоспарланған, — деді Мұхит Көшенов.
Бұдан бұрын Түркістандағы Ясауи кесенесі аумағын қоршау жұмыстары қалай жүріп жатқанын жазған едік.