Жиынды ресми ашып берген Қазақстанның грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Сауат Мыңбаев аталған халықаралық ұйымның атқарушы комитетінің офисі Қазақстанда жұмыс жасап жатқанына қуанышты екенін жеткізді.
«Қазақстан Күрес федерациясының атынан сіздерге алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер. Білесіздер, біздің еліміз үшін күрес - ұлттық ойын түрі. Қазақстан палуандары түрлі әлемдік турнирлерде нәтижелі өнер көрсетіп келеді. Сондықтан, біз атқарушы комитеттің бірінші кеңесі Алматыда өткізіліп жатқанына қуаныштымыз, әрі мақтан тұтып отырмыз. Осы комитеттің офисі мамыр айынан бері Алматыда жұмыс жасап жатқаны бізді қуантады. Атқарушы комитетке осы салада көп еңбек сіңіріп келе жатқан Дәулет Тұрлыхановтың төраға болып сайланғанымен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Жұмыстарыңыз жемісті болсын», - деді Қазақстанның грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Сауат Мыңбаев.
Айта кетейік, бүгінгі кеңеске UWW-Asia Атқарушы комитетіне мүшелікке қайта сайланғандар мен Бірікке күрес әлемі бюросының бас хатшысы - Хамид Бенитамин (Иран), вице-президенттері - Киттипош Сучантабутр (Таиланд), Бриджбушан Сингх (Үндістан), Кеннет Ли (Корея), Хироаки Цукамото (Япония), Жанг Ие (Қытай), Чанг Кью Ким (Корея) және құрметті президенті Ик Джонг Ким (Корея) келді.
Жиында Азия құрлығында күрес түрлерін дамыту бағдарламасы талқыланды. Азиялық күрес федерациясының атқарушы комитетіне жаңадан сайланған төраға Дәулет Тұрлыханов алдағы уақытта дәстүрлі күрес түрлерін дамытуға мән беретінін айтты.
«Бүгінгі күні дәстүрлі күрес түрлеріне көп мән беріліп отыр. Оның ішіне, қазақ күресі де кіреді. Иран «пехлевани» ұлттық күресін дамытуға көп қаражат бөліп жатыр. Мен Ұлттық Олимпиада комитетінде Ұлттық күрес мәселесін көтергенмін. Болашақта осы дәстүрлі күресті дамытуға көңіл бөлетін боламын. Бүгін аталған комитеттің алдағы 4 жылға арналған жоспары жасалды. Азиялық кеңесте 70-тен аса мемлекет бар. Оның жауапкершілігі мол. Біздің басты мақсатымыз - Азия құрлығында күресті дамыту. Бүгін біз 7 мәселені талқыладық. Атқару комиетінің жаңа құрылымы мен офисі таныстырылып, Азиядағы күресті дамыту бағдарламасы мен жаңа веб сайт мәселесі талқыланды. Экономикалық мәселе де күн тәртібінде болды. Қазіргі уақытта Азиялық федерацияның есеп шоты бос, соны толтыру жағы бойынша сайыстар ұйымтастыратын боламыз», - деді Дәулет Тұрлыханов.
Айта кетейік, Дәулет Тұрлыханов «Біріккен күрес әлемі» федерациясының Азиялық кеңесінің Атқару комитетіне жаңа төраға болып, 2017 жылдың 11 мамыр күні сайланды. Бұл шара Үндістанның Нью- Дели қаласында өтті. Онда атқару комитетінің штаб пәтерін Сеул қаласынан Алматыға көшіру мәселесі шешілді. Содан бері, комитет офисі Алматыда жұмыс істеп келеді.
Жалпы, қазақ күресі 2017 жылы 17 қыркүйекте Ашхабадта өтетін Азия ойындарының бағдарламасына қосылғанын еске сала кетейік. Бұл туралы жыл басында БАҚ-қа берген сұхбатында Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеев айтып берген болатын.
«Біз ұзақ уақыт бойы «Біріккен күрес әлемі» федерациясымен келіссөздер жүргізіп, келісімге келдік. 2017 жылдың 19 қаңтар күні «Біріккен күрес әлемі» федерациясының президенті Ненад Лалович пен Азия Олимпиада кеңесінің төрағасы Шейх Ахмед әл-Фахад әл-Ахмет әль Сабах қазақ күресі 2017 жылы Түрікменстанда өтетін Азия ойындарының бағдарламасына енетініне байланысты келісімшартқа қол қойды. Алдағы Азия ойындарында балуандар қазақ күресінен үш салмақ бойынша - 70 келі, 90 келі және 90 келіден ауыр, яғни түйе балуандар арасындағы белдесулер өтетін болады», - деген болатын Серік Төкеев.
Қазақ күресі елімізде және әлемде соңғы 12 жылда қарқынды дамып келеді. Қазіргі уақытта әлемнің 40 елінде қазақ күресі спортының федерациялары ашылған. Бұл аралықта қазақ күресінен алты әлем чемпионаты, он бір Азия біріншілігі, үш әлем кубогы, үш Еуропа чемпионаты және бір рет Африка чемпионаты өткен.
2015 жылдан бастап, қазақ күресі «Біріккен күрес әлемі» (United World Wrestling) федерациясына мүше болды.