Түрмеде қамауда отырғандардың жұмыспен қамтылуы артты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бір жылда қамауда отырғандардың жұмыспен қамтылуы артты. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Бас прокуратурасы департаментінің басшысы Серікбай Ерімбетов мәлім етті.

«Соттаған адамды қоғамға толыққанды мүше ретінде қайтару жақсы дамыған, ресоциализация жұмыс істеген жағдайда ғана жүзеге асырылады. Сол себепті 5 институционалды реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 33 қадамы сотталған адамдарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін құрастыруды көздеп отыр. Ертең өткізілетін форум сотталғандарды ресоциализациялаудың бүгінгі жағдайына талдау жасап, түйткілдігі бар мәселелердің барлығын ашып береді деген ойдамыз», - деді С.Ерімбетов. Оның сөзіне қарағанда, бұл бағыттағы мәселелер көп, сондықтан форумға Парламент депутаттары, халықаралық және отандық сарапшылар, мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысады. Осыған дейін Бас прокуратураның бастамасымен «түрме реформалары» мәселелері бойынша екі форум өткізілген болатын. Онда көтерілген жобалардың іске асуы соңғы үш жылдың ішінде еліміздің «түрмедегі адамдар саны» бойынша халықаралық рейтингіде елеулі түрде жоғарылауына мүмкіндік берді. «2013 жылдың соңына қарай біз халықаралық түрме рейтингінде 35-ші орында болған едік. Сол кезде түзету мекемелерінде 49 мыңнан астам сотталушы болған. Бүгінде форум жоспарын жүзеге асыру бағытында оң нәтижелер бар екенін айтуға болады. Ең бастысы, халықаралық түрме рейтингінде еліміз 35-ші орыннан 55-ші орынға көтерілді», - деді ол. Департамент басшысының айтуынша, өткен жылдың желтоқсанында өткен екінші форум колониялардағы жұмыспен қамту мәселесіне арналды. Форумда қабылданған шаралар 2018 жылға қарай қамауда отырған еңбекке қабілеттілердің 75 пайызын жұмыспен қамтамасыз етуі тиіс. «Бұл бағытта шаралалар аясында тек бір жыл ғана уақыт өтті және осы орайда біз оң үрдістерді байқап отырмыз. Колонияларда 133 жеке бизнес субъектісі кәсібін бастады, бұл көрсеткіш бұған дейінгі көрсеткіштен 8 есе артық. Қамаудағылардың жұмыспен қамтылуы 50-ден 54 пайызға дейін артты», - деді ол. Айта кетейік, ертең елордада «Түрме реформасына» арналған ІIІ форум өтеді. Бұл шара «Ресоциализация: Сен қоғамға керексің! Ты нужен обществу! Sосіeтy needs you!» жобасын жүзеге асыруға арналады, бұрын сотталғандарды заңға бағынушы азаматтар ретінде қоғамға реинтеграция жасауға бағытталған.