Түрмеде жатқан Пәкістанның экс-премьері Наваз Шариф ауруханаға түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түрмеде жатқан Пәкістанның экс-премьері Наваз Шариф жүрек ақауы салдарынан елдегі медицина ғылымы институтына (PIMS) жатқызылды, деп хабарлайды Анадолы агенттігі.

PIMS өкілі Васим Хаважа Шерифтің айтуынша, саясаткердің денсаулығы тұрақты деп бағаланып отыр. Оның қаны құрамындағы қант көбейіп кеткендігі тіркелген.

PIMS  кардтология бөлімінің бас дәрігері Наима Маликаның сөзіне қарағанда, Шарифтің қанынан пациент  өміріне қауіп төндіретін ми тамырларының тромбозы табылған.

Пәкістанның бұрынғы премьер-министрі Наваз Шариф пен оның қызы Әбу-Дабиден Лахорға ұшып келген кезде, әуежайда ұсталған болатын.

Бұдан бұрын сот Шарифті сыбайлас жемқорлыққа байланысты сырттай он жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған еді. Бұған қоса ол  2 миллион фунт айыппұл төлеуі тиіс.

Ал  экс-премьердің қызы Марьям Наваз  жеті жылға сотталды және 2 миллион айыппұл төлеуге шешім шығарылған.

Еске сала кетсек, Наваз Шариф төрт рет Пәкістан үкіметінің басшысы атанды. Соңғысында  бұл лауазымда 2013 жылы болды.