Түрмедегі зорлық-зомбылық: Сотталушылардан 120 шағым түскен

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылы сотталушылар зорлық-зомбылық көргендіктері жөнінде 120 рет шағымданған.  Бұл туралы бүгін Азаптауларға қарсы ұлттық превентивті тетіктердің үйлестіруші кеңесінің хатшысы Сәуле Мектепбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мекемелерге бару кезінде біз материалдық жағдайына, зорлық-зомбылық көрсету жайттарына баса назар аударамыз. Тіркелген фактілердің барлығын Бас прокуратураға жолдаймыз. Ал бүгінгі мақсат баяндаманы талқылау бойынша қоғамдық ұйымдармен сұхбатты бастау болып отыр. Ағымдағы жылы бірнеше мәрте түрмелерге бардық. Негізінен шағымдардың басым бөлігі ұстау жағдайларына байланысты болды. Өткен жылы омбудсмен тарапына 120 шағым түсті», - деді ол ҚР Ішкі істер министрлігінде өтіп жатқан жиын барысында. 

Оның айтуынша, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдер 4 жылда бір рет мемлекет ішінде зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған шараларға қатысты есеп беріп отырады. Сонымен қатар мемлекет бұл есебін азаматтық қоғаммен де талқылау тиіс.

«Азаптауларға қарсы ұлттық превентивті тетіктердің үйлестіруші кеңесінің бұл мәселеге қатысты ресми есебі 26 сәуір күні Қазақстан Ішкі істер министрлігіне ұсынылады», - деді Сәуле Мектепбаева.

Айта кетейік, ҚР Ішкі істер министрлігінде түрмедегі зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша елімізде қабылданған шаралардың төртінші кезеңдік баяндамасын талқылауға арналған жиын өтуде.