Түрмеден қашқаны үшін өз елінде 18 жыл бойы іздеуде болған қырғызстандық Алматыда ұсталды

АСТАНА. Қазанның 27-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бас бостандығынан айыру орынынан қашқаны үшін Бішкек қаласы полицейлері 18 жыл бойы іздестірген қырғызстандық қылмыскер Алматыда ұсталды. Бұл туралы бүгін өткен брифинг барысында ҚР Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті.

«Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері бас бостандығынан айыру орынынан қашқаны үшін Бішкек қаласы Ішкі істер бөлімімен 18 жыл бойы іздеуде болған Қырғызстан азаматын ұстады», - деді Қ.Жұманов.

Сондай-ақ ол, Астана қаласы ІІД-нің криминалдық полициясы адам саудасы бойынша қылмыс жасағаны үшін Өзбекстан Республикасының құқық қорғау органдарымен іздестіруде болған 42 жастағы қылмыскерді құрықтағанын атап өтті. Ол 2007 жылғы қыркүйекте екі өзбек азаматын алдап Оңтүстік Қазақстан облысына алып барған.

Айта кетейік, қылмыскерлер ТМД аумағында қазанның 20-22 күндері өткізілген «Іздестіру» бірлескен операциясы барысында ұсталды. Қазақстан жерінде қылмыс жасап, өзге елдерде ұсталғандардың саны - 26 (Ресейде - 18, Өзбекстанда - 4, Әзірбайжанда, Грузияда және Украинада - біреуден), өз елдерінде қылмыс жасап Қазақстанда бой тасалап жүргендердің саны - 69 (Ресей - 49, Өзбекстан - 14, Әзірбайжан, Грузия, Украина, Қырғызстан және Беларус - біреуден).