Түрмелерде жазасын өтеушілер жұмыс істеп, білім алуына қандай жағдай жасалған

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде қылмыс жасап, сотталған 30 мыңнан астам азамат абақтыда жазасын өтеп жатыр. Дегенмен олардың қателігін түзетіп, жаңа өмір бастауына да мүмкіндік беріліп отыр. Атап айтқанда, бас бостандығынан айырылғандар түрмеде жұмыс істеп, ақша таба алады. Тіпті, кәсіптік және техникалық білім алуына да болады.

Фото: Kazinform/ЖИ

ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитеті ресми сауалымызға жолдаған жауабында еліміздің абақтыларындағы сотталғандар жайында статистиканы бөлісті.

— Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде бүгінгі таңда 30 мыңнан астам адам жазасын өтеп жатыр. Олардың 2 мыңнан астамы — әйел, шамамен 70-і — кәмелетке толмағандар, — делінген жауапта.

Сонымен қатар, ведомство әр адамның еңбек етуге, қызмет түрі мен кәсібін еркін таңдауға құқығы бар екенін атап өтті. Сотталғандарды жұмысқа орналастыру сотталған адамның ресми өтініш беруі негізінде еңбек шартын жасасу арқылы жүзеге асырылады.

— Қазіргі уақытта шамамен 21 мың адам ресми түрде жұмысқа орналасқан, бұл көрсеткіш жалпы сотталғандар санының 65%-ынан асады, — делінген хабарламада.

Түрмеде қандай мамандықтарды игеруге мүмкіндік бар

Бүгінде Қазақстан абақтыларында кәсіптік және техникалық білім беретін 35 ұйым жұмыс істейді. Онда сотталғандар 48 мамандық бойынша білім алып келеді. Атап айтқанда, бас бостандығынан айырылғандар тігінші, аспаз, тамақтандыруды ұйымдастыру, кондитер-безендіруші, пішуші, тігін өндірісі және киімді модельдеу, модельер-пішуші, әрлеу-құрылыс жұмыстарының шебері, ара шаруашылығы және жібек шаруашылығы, шаштараз өнері, есептеу техникасы және ақпараттық желілер, сондай-ақ, басқа да оқу бағдарламаларынан өтеді.

— Одан бөлек, қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде 34 мамандық бойынша қысқа мерзімді, яғни 1-2 айлық курстар ұйымдастырылады, — деп мәлімдеді Қылмыстық атқару жүйесі комитеті.

Ведомство сотталған әйелдер арасында сұраныс жоғары мамандықтарды да атап өтті. Олар — тігінші, шаштараз, визажист, кондитер және пішуші.

Фото: Kazinform/ЖИ

Жазасын өтеушілердің қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті түрмелерде заң бұзушылықтардың алдын алу үшін қандай шаралар атқарылып жатқанын да хабарлады.

— Қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында әрбір жасақта орналасқан терминалдар арқылы шағым түсіру мүмкіндігі қамтамасыз етілген, сондай-ақ жеке қабылдаулар өткізіледі. Мекемелерге қоғамдық бақылау комиссиялары және Ұлттық алдын алу тетігінің өкілдері, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі бюро мүшелері тұрақты түрде барып тұрады, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар қазір елімізде 78 түрме жұмыс істеп тұр. Соның бәрі де бейнебақылау камераларымен қамтылған.

— Барлық мекемеде ҚАЖ, ІІМ және прокуратура органдарының ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған жаппай бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚАЖ мекемелеріндегі «Жаппай бейнебақылау» жобасы барлық 78 пенитенциарлық мекемеде енгізілді, — делінген ресми жауапта.

Бейнебақылау жүйелері жасанды интеллект және бейнеаналитика технологияларымен жабдықталған. Олар адамның бет-бейнесін және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін таниды, тыйым салынған аймақтарға кіру фактілерін хабарлайды, сондай-ақ, бейнекамера объективінің жабылғанын анықтап, жауапты қызметкерлерге белгі береді.

Түрмеден шыққандар қоғамға бейімделе ала ма

Комитет мәліметінше, амнистия және жазасын өтеп шыққандардың ары қарайғы өмірі қалай болатыны да — басты назардағы мәселелер.

Фото: Kazinform/ЖИ

Ал қазір «ҚР жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңын іске асыру мәселесі Ішкі істер министрлігі мен Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің тұрақты бақылауында. Бүгінге дейін соттар мыңнан астам материалды қарады, нәтижесінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен 970 адам босатылды. Бостандыққа шыққаннан кейін олардың әрқайсысы әкімшілік қадағалауда болады.

Сонымен қатар пробация қызметінің есебінде тұрған тағы 947 азамат жазасын одан әрі өтеуден босатылды. Бұдан бөлек, абақтылардағы 1 000-нан астам сотталған кісінің жаза мерзімі қысқартылды.

Жазасын өтеушілер еркіндікке шыққанан кейін, оларды қоғамға бейімдеу тетіктері де қарастырылған.

— 2025 жылы Қылмыстық кодекстің 44-бабына өзгерістер енгізіліп, пробациялық бақылауда тұрған адамдардың міндеттері кеңейтілді. Атап айтқанда, жұмыспен қамту органдарында тіркелу, үйде болудың белгіленген уақытын сақтау және психобелсенді заттарды қолдануға тыйым салу талаптары енгізілді. Қабылданған шаралар сотталғандарды қайта әлеуметтендіруге, олардың еңбекпен қамтылуын қамтамасыз етуге және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған, — делінген ресми жауапта.

ҚАЖ комитетінің хабарлауынша, жүйені одан әрі дамыту мақсатында инвестициялар тарту және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды жолға қою жұмыстары жалғасып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Абай облысында түрмеден қашып кеткен адам ұсталғанын жазғанбыз.