Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар экологиялық мәселелерді насихаттап қана қоймай, отандық өнер кеңістігінде жаңа бағыттардың дамуына ықпал етеді.
Креатив хабтың негізін қалаушы Тоғжан Құрманжанованың сөзінше, Қазақстанда мүсіншілердің саны аз, ал тұрмыстық қалдықтардан өнер туындыларын жасау жаңа бағыт саналады. Бұл жұмыстар экологияға деген көзқарасты өзгертіп, тіпті балалардың қызығушылығын арттырады.
Көрменің негізгі идеясы – шамадан тыс тұтынудың қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерін көрсету. Қанат Әбдиннің туындыларында тұрмыстық қалдықтар жаңа бейнелер мен гибридтерге айналған.
Автордың пікірінше, бұл туындылар болашақта санасыз адам бейнесін білдіреді. Егер табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаны ластауды жалғастырсақ, қоқыс адам денесін саңырауқұлақ тәрізді жарып шығуы мүмкін.
Көрмедегі барлық мүсін әйел бейнесінде жасалып, әрқайсысына жеке есім берілген. Бұл әйел табиғатына тән нәзіктік, әсемдік және тылсым қасиеттерді көрсету мақсатында жасалған. Мүсінші осы ерекше пішіндер арқылы көрерменнің экологиялық санасын оятып, орынсыз тұтынудың салдарын түсіндіруді көздейді.
Бұдан бұрын елордада Қазақстан халқының мәдениетіне арналған көрме ұйымдастырылғанын жазғанбыз.