Тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендер қайда жүгіне алады

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM –  Мамандардың мәлімдеуінше, тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Олардың айтуынша, дер кезінде әрекет етіп, қол ұшын созу маңызды.

- Үйдегі зорлық-зомбылық физикалық, психологиялық, экономикалық немесе сексуалдық сипатта болуы мүмкін. Көбіне оның құрбандары – әйелдер мен балалар. Қауіп белгілерін дер кезінде анықтап, полицияға, жедел жәрдемге немесе дағдарыс орталығының сенім телефондарына жедел жүгіну қажет. Астанада зардап шеккендерге көмек көрсететін «Үміт» орталығы жұмыс істейді. Біздің орталық қауіпсіздікті қамтып, сондай-ақ психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсетеді. Жыл ішінде мұнда 200 адам көмек алды, 500-ден астам консультация және ондаған тренинг өткізілді. Әйелдер мен балалардың 85%-ы қалыпты өмірге оралып, толық қалпына келді, - деді Астана қаласы әкімдігінің «Үміт» дағдарыс орталығының директоры Ғалихан Куканбеков Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Одан бөлек, аталған орталықтың заңгерлері алимент, ажырасу, құжаттар және мүлік дауы бойынша көмек көрсетеді. Сонымен қатар жұмысқа орналастыру, баспанамен қамту және кәсіпкерлік курсын оқу мүмкіндігі де қарастырылған.

- Егер зорлық-зомбылықтың куәсі болсаңыз немесе көмек қажет етсеңіз, 71 60 63, 111 немесе «102» нөмірлеріне хабарласа аласыз, - дейді ол.

Елімізде жыл сайын полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам хабарлама түседі.