Тұрмыстық қатты қалдықтарды жою бойынша ұлттық стратегияны жүзеге асыруға 150 млрд. теңге қажет

АСТАНА. 4 наурыз. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Тұрмыстық қатты қалдықтарды жою бойынша ұлттық стратегияны жүзеге асыру үшін 2025 жылға дейін шамамен 150 млрд. теңге қажет.

Бұл туралы бүгін ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде өткен семинарда аталған жоба сарапшылар тобының жетекшісі Рассел Фрост айтты.

Қазіргі уақытта бұл бағдарламаның қаржыландыру көзі нақтыланбағандығын атап өткен ол: «Бұл бағдарламаның барлық іс-шараларын жүзеге асырудың жалпы құны елдің барлық өңірлерінде шамамен 150 млрд. теңгені құрайды», - деді.

Оның атап өтуінше, қаржыландыру көзін анықтау ел Үкіметінің қарамағына берілген. Бұл орайда топ жетекшісі осы стратегия аясында бірқатар іс-шараны бастау үшін Министрлер Кабинетінің гранттық қаржыландыру тетіктерін іске қосуы мүмкін екендігін де жоққа шығармайды. Сонымен қатар қаржыландыру көздері жеке компаниялар да болады. Өйткені олардың коммерциялық банктерден қаржы тарту мүмкіндіктері бар. Осындай жобаларды жүзеге асыруға мүдделілік танытқан халықаралық ұйымдарды да тартуға болады.

Дегенмен жеке сектор бұндай жобаға қаржы салғаннан гөрі, табыс алғысы келетіндігін де атап өткен Р.Форсттың пікірінше, тарифтер жеке оператордың салған қаржысын қайтарумен қатар іске қосу шығындарын жауып, кіріс алуға мүмкіндік беруі қажет.

Ұлттық стратегия аясында шамамен 150 өңірлік полигон құру болжануда. Олардың басым бөлігі шағын елді мекендерге қызмет көрсету үшін шағын көлемде салынады. Қазіргі уақытта жоба аясында облыстық және аудандық деңгейде іс-шараларды жоспарлау бойынша жетекшілік әзірленуде. Ілкі өңір ретінде Қызылорда мен Көкшетау қалалары таңдалған.