Тұрмыстық зорлық-зомбылық: астанада екі аптада 58 адам қамалды

АСТАНА. ҚазАқпарат – 1 шілдеден бастап Астана қаласы Полиция департаментінің «102» каналына отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері туралы 669 хабарлама түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Полиция департаментінің ақпараты бойынша, хабарламалардың 20%-ы – азаматтық-құқықтық қатынастар, (мүлікті бөлу, жұбайын емделуге жеткізу т.б.) қараусыз қалдырылған өтініштер.

Осы аралықта 180-ге жуық адам отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жазаланды. 152 адамға қатысты қорғау ұйғарымдары шығарылып, 58 отбасылық агрессордың құқыққа қайшы мінез-құлқын тоқтату және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанын қорғау мақсатында уақытша ұстау камерасына қамалды.

Мәселен, Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен 20 тәулікке отбасылық жанжалқой қамауға алынды. Полиция қызметкерлері «102» арнасына түскен отбасылық жанжал фактісі бойынша тексеру кезінде, есепте тұратын тұлғаның үйінде мас күйде бола тұра, отбасылық жанжалды қайта ұйымдастырып, оған қатысты мінез-құлыққа қойылатын ерекше талаптарды бұзғанын анықтады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту бойынша енгізілген өзгерістер Қылмыстық кодексте 19 мамырдан бастап, ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексте 1 шілдеден бастап заңды күшіне енді.

«Заңнамалық өзгерістер тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеуге қатысты болды. Өтініш берушіден анықтау сипатына көшу туралы заң, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жәбірленушілердің өтінішінсіз қозғауға мүмкіндік береді. Тараптардың татуласу мүмкіндігі қысқарды, яғни сотта бір рет ғана татуласуға болады.

Түзетулер заңды күшіне енгенге дейін отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылық фактісі бойынша барлық өтініштердің 70% қараусыз қалатын. Көбінесе бұл жағдай өтініш берушілердің арыз бергеннен кейінгі алғашқы тәулікте өзара татуласып, әрі қарай талқылаудан бас тартуына байланысты туындайтын. Кейбір жағдайларда бұл полицияға жүгіну құқығын теріс пайдалану фактілеріне әкеп соғатын және отбасылық жанжал жағдайында манипуляция құралы ретінде қолданылған.

Тұрмыстық қылмыстың алдын алудың түбегейлі жаңа тетігін енгізу отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына қысым жасау фактілерін болдырмауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жазаның бұлтартпаушылығы қағидатын іске асыруға және агрессорларды қайта тәрбиелеуге ықпал етеді», - деп мәлімдейді қалалық полиция департаментінен.