Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты әкімшілік жауапкершілік күшейтіледі

АСТАНА. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері туралы» заң жобасы талқыланды. Еске сала кетейік, аталған заң жобасына Мәжілістің бірқатар депутаттары бастамашылық жасаған болатын.

Құжат бойынша «отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас» ұғымы нақтыланып, соттардың шешімін әдейі қастықпен орындамай қоюға жауапкершілік енгізіледі. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты әкімшілік жауапкершілік күшейтіледі. Оған қоса, заң жобасы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған тұлға мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбірленушінің бір ғимаратта бірге тұруына тыйым салу ұсынылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған тұлғаларды әлеуметтік көмек алатын қиын жағдайда тап болғандар санатына жатқызу да қарастырылып отыр. Заң жобасымен Қылмыстық, Бюджет кодекстеріне және Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне, сонымен қатар, «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы», «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы», «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңдарға түзетулер енгізіледі. Құжат алдағы уақытта палатаның жалпы отырысына шығарылатын болады.