Тоқтала кететін жайт, аталған заң жобасына палата депутаттары бастамашылық жасаған болатын. Бұл ретте құжат бойынша «отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас» ұғымы нақтыланып, соттардың шешімін әдейі қастықпен орындамай қоюға жауапкершілік енгізіледі, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты әкімшілік жауапкершілік күшейтіледі. «Өзгерістер бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған тұлға мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбірленушінің бір ғимаратта бірге тұруына тыйым салу ұсынылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған тұлғаларды әлеуметтік көмек алатын қиын жағдайда тап болғандар санатына жатқызу да қарастырылып отыр», - дейді депутат Светлана Бычкова.
Жалпы, заң жобасымен Қылмыстық, Бюджет кодекстеріне және Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне, сонымен қатар, «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы», «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы», «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңдарға түзетулер енгізіледі.