Депутаттың айтуынша, талқыға түскен заң жобасы тұрмыстық зорлық-зомбылықтағы барлық проблемаларды шеше алмайды. Дегенмен, мұнда қордаланған проблемаларды шешуге кезекті қадам жасалып отыр. «Жалпы елімізде осы бағытта нысаналы жұмыс жасалып жатса да, бірқатар кемшіліктер баршылық. Менің ойымша, әлеуметтік қорғансыз қалған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары ең бірінші мемлекет тарапынан көмек алуы қажет. Себебі, осындай қиын жағдайға тап болған әйелдер қоғамдық өмірге белсенді араласа алмайды», - дейді сенатор Б. Әйтімова.
Сонымен қатар, сенатор жапа шеккендерге жергілікті көмек көрсету ұйымдары тарапынан қолдау жасауға болатынын, алайда ондай ұйымдар кейбір өңірлерде мүлдем жоқ екенін алға тартады.
Бұдан бөлек, депутат Б. Әйтімова тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғандар үшін сенім телефондары қызметін жетілдіру қажеттігін де атап өтті. Оның айтуынша, бұндай сенім телефондарының үздіксіз қызметін жергілікті органдар шешу қажет.
«Төтенше жағдайларда шұғыл хабарласатын өрт, полиция, жедел жәрдем секілді қызметтердің қатарында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арналған сенім телефондары да болуы шарт. Себебі қазақ әйелдері жасқаншақтау келеді, сосын өзіне қол көтергеніне қарамастан жолдастарына кешіріммен, аяушылықпен қарау олардың мінезіне әбден сіңген. Ең ақыры құқық қорғау органдары, жергілікті билік органдары, жалпы тұтастай алғанда әрбір азаматтың жұмысы зорлық-зомбылықтың қандай түрі болмасын төзімсіздік қағидатына негізделуі тиіс», - дейді Б. Әйтімова.