Тұрмысы төмен азаматтарға тұрғын үй көмегін көрсетудің жаңа тетігі әзірленді

АСТАНА. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі тарапынан тұрмысы төмен азаматтарға тұрғын үй көмегін көрсетудің жаңа тетігі әзірленді.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сөз арасында Агенттік төрағасы былтырғы жылы тұрғын үй секторында реформалау жұмыстарын жүргізу үшін бірқатар заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұндай заң нормаларында еліміздегі табысы аз азаматтарға тұрғын үй көмегін көрсетудің жаңа тетігі қарастырылып отыр. «Тұрғын үй көмегін көрсету тетігіне сәйкес, табысы аз азаматтар үшін коммуналдық қызметтерді төлеуге және үйдің ортақ мүлкін ұстауға арналған шығындары отбасы табысының белгіленген үлесінен асып кетсе, онда сол асып кеткен соманы мемлекет төлейтін болады. Бұл ретте отбасы кірісінің көрсетілген үлесін мәслихаттар белгілейді. Бүгінгі күні республиканың әр түрлі өңірлерінде осы үлес 5 пайыздын 20 пайызға дейінгі аралықты қамтып тұр», деді С. Нокин. Сонымен бірге бұндай кондоминимум нысанының ортақ мүлкін ұстауға қатысты тұрғын үй көмегі - жекешелендірілген пәтерлерде тұратын және мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтерлер жалдап тұратын азаматтарға ғана берілетін болады.