НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Екатеринбургте бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Тұрсынбай Құлахмет те жартылай финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Т.Құлахмет ширек финалда 75 келіге дейінгі салмақта армениялық Арман Дарчинянмен кездесті.
Тұрсынбай алға ұмтылған қарсыласын тосып алып, жұдырығын жиірек жұмсап, аяқпен де жылдам қимылдай білді.
Төрешілер бірауыздан 5:0 есебімен жеңісті Т.Құлахметке берді.
Тұрсынбай Құлахмет бұған дейін чехиялық Милош Бартлды және америкалық Хавьер Мартинесті жеңген болатын.
Бұл салмақтағы 2017 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл жарақаттанып қалғандықтан, биылғы Азия чемпионатына Т.Құлахмет барып, чемпион атанған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандықтардың ширек финалда кімдермен кездесетінін, Сәкен Бибосыновтың бірінші болып жартылай финалға өткенін жазған болатынбыз. Ол да армениялық спортшымен жұдырықтасқан еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).