Түсімде де рольде ойнап жүремін – Нұрлыгүл Жұбатова

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Биыл Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Нұрлыгүл Жұбатова үшін аса табысты болды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Президент Жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталған ол ҚазАқпарат тілшісінің сауалдарына жауап берді.

-Нұрлыгүл Өтемісқызы, өнер жолына түсуіне не себепші болды, алдымен осыған тоқталсаңыз?

-Әкенің қанымен келген өнер ғой деп ойлаймын. Әкем Өтеміс ауызекі өлең шығарып, құрдастарын өткір тілмен шымшып, домбырамен ән салып, көптің ортасында жүрген адам еді. Жастайымнан өнерге жақын болудың арқасында театрға келдім.

-Өз өміріңнің естен кетпейтін қызықты сәттерін еске алсаң?

-Қызықты сәттер көп қой. Театрға байланыстысын айтайын. Әр қойылымға, әр шығатын роліме дайындық кезінде ылғи да түс көремін. Түсімде міндетті түрде сахнаға кешігіп, жете алмай, қара терге түсіп, оянамын. Біразға дейін есімді жия алмай отыратын кезім көп болады. Сондай түстерімнің бірі сахнада Қозы Көрпеш-Баян сұлудың әзірлігі екен деймін. Сахнаға жете алмай келемін. Әрең жетсем, сахнада Қарабай жүр. Ешкімді сөйлетпейді. «Түш-ш-ш, түш-ш-ш, тыныш» деген сыбырын естимін. Көзіміз бақырайып, бәріміз тұрмыз. «Неге?» деп ыммен сұрасам, «Малдарым ұйықтап жатыр. Малымды үркітесіңдер», дейді. Рольге біржола беріліп, кірігіп кетуден де адам осындай түс көретін болар.

Сахнада маңдайыма, бағыма бұйырған біраз рольді сомдадым.

-Соңғы кезде режиссерлік қырыңызбен де көріне бастадыңыз. Жуырда «Ағаш отырғызу» атты спектакліңіздің премьерасы болды. Актерлік пен режиссерліктің айырмашылығы неде деп ойлайсыз?

-Иә, қазір сахнада үш жұмысым жүріп жатыр. Әр мамандықтың өз қиындығы бар. Актерлік өнерде әр ролімнің іштен сомдалып шығуына көп салмақ түсіремін. Режиссер болсаң, жалпы спектакльдің жобасына, айтар ойына, сахналық шешіміне мән бересің. Жауаптысың. Қай-қайсысы да оңай емес. Өнердің жолы үнемі шыңдалудан тұрады ғой.

-Өз отбасыңыз да өнерге жақын ғой?

-Отбасында ененің қолында отырған келінмін. Жолдасым Арман Имашев та шығармашылық адамы, суретші. Қызым мен күйеу балам – Қалекей театрының әртістері. Ұлым Досжан анимациялық өнермен айналысады. Кіші қызым да сурет өнерінде. Қысқаша осы.

-Биыл еңбегіңіз жанып, Президенттің қолынан «Парасат» орденін алдыңыз, сол кезде қандай күйде болдыңыз, бұл жоғары марапат қосымша жауапкершілік жүктейтін шығар?

-Әрине. Дегенмен «Парасат» ордені мен үшін күтпеген марапат болды. «Марапатқа өткен екенсіз, елордадан Президенттің қолынан аласыз, жиналыңыз» дегенді естігенде, «Мәссаған, мына жұмыстың бәрін қалай тастаймын?» дедім. Тіпті шын екенін әлі түйсініп тұрғаным жоқ. Оның үстіне қандай марапат екенін Оралдағылар айтпады. Мен сұрамадым. Бірақ ойым еңбек сіңірген қайраткерлік дегенді меңзеп тұрды. «Сол шығар» дедім ішімнен.

Мемлекет басшысы әуелі Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесімен құттықтап, кейін Еңбек Ері Әкім Тарази ағамыздан бастап бәрін марапаттап жатты. «Парасат» орденімен Жұбатова Нұрлыгүл марапатталды» дегенде, «Шатасып кеткен жоқ па екен» деп ойлап қалыппын. «Бұл не деген үлкен марапат, қалайша мен?!» деп қабылдай алмай тұрдым. Кеудеме таққанда да, сол жерден шыққанда да, көпке дейін сондай ойда болдым. Бойымды да, ойымды да жайлап үйретіп, қуанышымды алғаш бауырым Мәулетпен бөлістім.

Мені осыған лайық деп ұсынған жандарға алғысым шексіз. Бұл марапат жүкті екі есе мойныма артқандай болды. Көркемдік жетекші болып мәңгі отырмаймын ғой. Осы берілген уақытта өз ісімді абыроймен атқарып, айналама халімнің жеткенінше әділ болғым келеді.

Алда жоспар көп. Бәрін де ұжыммен бірлесіп атқарсақ деймін. Институтта бірге білім алған группаластарым да бар осы театрда. Бір кеменің ішіндеміз. Атақ та, марапат та осындай жалындап тұрған шақтарында келсе екен деймін.

-Әңгімеңізге рахмет.

Нұрлыгүл Өтемісқызы Жұбатова 1975 жылы қазіргі Казталов ауданы Көктерек ауылында дүниеге келген.

БҚО Дәулеткерей атындағы өнер институтының режиссура бөлімін бітірген.

1997 жылдан бастап БҚО қазақ драма театрында актриса болып жұмыс істеп келеді.

Халықаралық «Шабыт» фестивалінде көркемсөз оқу шеберлігі бойынша бірінші орынға ие болып, лауреат атағын алды. Республикалық көркемсөз оқу фестивалінде екінші мәрте жеңімпаз атанған.

2015 жылы ҚР Мәдениет министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

2016 жылы Атырау қаласында өткен ақын, драматург Иран-Ғайыптың «Мәңгілік елдің алтын адамы» республикалық театрлар фестиваліне қатысып, «Мәңгілік елдің алтын адамы» драмалық дастанында Қазына образын жоғары деңгейде сомдағаны үшін «Ең үздік әйел адам бейнесі» аталымын жеңіп алды.

2017 жылы Македонияның Велес қаласында өткен «Стоби-2017» халықаралық театрлар фестивалінде Х.Мюллердің «Филоктет-Медея» қойылымымен барып, «Ең үздік әйел адам бейнесі» аталымына ие болды.

2017 жылы Тәуелсіздік күніне орай Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.

Соңғы жылдары режиссер ретінде «Аялап өтем», «Аңыз болған абысындар» және «Ағаш отырғызу» спектакльдерін сахналады.

Қазіргі кезде Нұрлыгүл Өтемісқызы – театрдың көркемдік жетекшісі. Театр қайраткерлері одағының мүшесі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО қазақ драма театрында жаңа премьераның қойылымы болғанын жазған едік.