Түсімдер бойынша республикалық бюджеттің орындалуы 3 триллион 800 млрд. теңгеден астам қаржыны құрады

None
АСТАНА. Желтоқсанның 29-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Түсімдер бойынша республикалық бюджеттің орындалуы 3 триллион 808 миллиард теңгені құрады.
Бұл туралы бүгін Қаржы министрлігінің 2008 жылғы қорытындысы бойынша өтіп жатқан алқа мәжілісінде Қазынашылық комитетінің төрағасы Әміржан Түсіпбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, бүгінде Қазынашылық органдарында, 2009 жылғы қаңтардың 1-індегі жағдайға қарағанда, 15026 мемлекеттік мекемелерге қызмет көрсетіледі. Оның ішінде 1525-і республикалық, ал 13501-і жергілікті мекемелер. «Түсімдер бойынша республикалық бюджеттің орындалуы 3 триллион 808 миллиард теңгені құрады. Сондай-ақ шығыстар 3 триллион 823 миллиард теңгеге жетті», деді комитет төрағасы. Оның мәлімдеуінше, жедел мәліметтер бойынша республикалық бюджеттің дебиторлық қарызы 49 миллион теңгені құрады. Ал кредиторлық қарыз 1 млрд. 570 млн. теңгеге жетті. Комитет төрағасы бюджеттік бағдарламалардың шығыстарын қаржыландыру үшін Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт ретінде 461 млрд. 400 млн. теңге тартылғанын айтып өтті.