Бүгін ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр Мәжілісте өткен «дөңгелек үстелде» 2016 жылда министрліктің стратегиялық жоспарды жүзеге асыру қорытындысы туралы баяндады.
«2015-2019 жылдарға арналған ИИД мемлекеттік бағдарламасында белгіленген өнеркәсіптік басымдықты салаларда еңбек өнімділігі бойынша барлық жоспарлы мәндер орындалды»,-деді Скляр.
Сонымен бірге ҚР ИДМ мәліметтеріне сүйенсек, «Қара және түсті металлургияның еңбек өнімділігі» индикаторы бойынша қара металлургияда еңбек өнімділігі 2012 жылдағы деңгейге қарағанда өткен жылы 248,6 пайызды құрады. Жоспарлы мән 108,7 пайыз көлемінде қалыптасты. Атап айтқанда, бір адамға шаққанда еңбек өнімдігі 70,5 мың АҚШ долларын құрады.
Ал түсті металлургияда аталған мерзімде өнімділік 449,1 пайызды қамтыды. Бұл тұрғыда бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігі 119,6 мың долларға жетті.
Р. Скляр өз баяндамасында Стратегиялық жоспардың 51 мақсатты индикаторының ішінен 2016 жылдың қорытындысы бойынша жоспарлы мәнге 45-і жеткізілгендігін немесе 88 пайызы орындалғандығын атап өтті. Осы орайда мақсатты 20 индикатор тұрғысында соңғы нақтыланған мәліметтер 2017 жылдың екінші және үшінші тоқсандарында белгілі болады.