«Кеше кешкі сағат 7-ден 10-ға дейін Астана қалалық ТЖД кезекші қызметіне елорда тұрғындарынан 300-ден астам қоңырау келіп түсті. Оның басым бөлігі электр энергиясы желілерінің үзілуіне қатысты болды. Оқиға орындарына орталық және өңірлік аэромобильді жасақтар жедел аттандырылып отырды. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Біз дауыл тұратыны жайында алдын ала ақпарат берген едік. Жылдамдығы секундына 27 метрге жеткен күшті жел №64 мектептің 40 шаршы метр шатырын жұлып кетті», - деді ТЖД өкілі Аягөз Фазылова.
Сонымен қатар оның атап өтуінше, елорда аудандарының бірінде үстіне ағаш құлаған көлік бүлінген. «Бүгінге дауыл тұратындығы жайында ақпарат Қазгидрометтен түскен жоқ. Біз ахуалды жіті бақылап отырмыз», - дейді ол.