Тұтынушы құқығы бұзылған жағдайда сатушыға қалай наразылық хат жолдауға болады

АСТАНА. KAZINFORM - Әрбір тұтынушы сапалы тауар мен қызмет алуға құқылы. Егер сіздің тұтынушы ретінде құқығыңыз бұзылса, Сатушыға (орындаушыға, дайындаушыға) наразылықпен жүгінуге болады, деп хабарлайды ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызсеті.

Фото: pixabay.com

Мыналарды білуіңіз керек

Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 42-4-бабына сәйкес, тұтынушы құқылы: заңбұзушылықтарды жоюды талап етуге, тауардың немесе қызметтің кемшіліктерінен келген залалды өтеуді сұрауға.

Наразылық хат қалай жазылады?

Наразылық хат еркін түрде жазылады. Онда көрсетілуі тиіс:
қандай құқықтары бұзылғаны, тауардың немесе қызметтің кемшіліктері, тұтынушының талаптары (ақшаны қайтару, тауарды ауыстыру, кемшілікті жою және т.б.).

Наразылық хат қайда жолданады?

• Тікелей сатушыға (қабылданғаны туралы белгі алу қажет);
• Пошта арқылы сатушының заңды мекенжайына;
• Электронды түрде (e-mail немесе онлайн жүйелер арқылы).

Сатушының міндеттері

Сатушы (дайындаушы, орындаушы) міндетті:
• тұтынушының наразылығын қарауға,
• 10 күнтізбелік күн ішінде жазбаша жауап беруге,
• өз ұстанымын растайтын құжаттардың көшірмесін қоса ұсынуға.

Егер жауап болмаса

Егер сатушы 10 күнтізбелік күн ішінде жауап бермесе немесе заңбұзушылықтарды жоюдан, шығынды өтеуден бас тартса, тұтынушы құқылы:
• уәкілетті органға жүгінуге,
• тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік органдарға шағымдануға,
• қажет болған жағдайда сотқа арыздануға.

Тұтынушы жағдайында болған мысал

Түркістан облысының тұрғыны онлайн арқылы 350 000 тг-ге төсек-орын сатып алған. Бірақ жеткізілген кезде бір жамылғы жетіспеген. Сатушыға жазған наразылық хатына жауап болмаған соң, тұтынушы «Е-Өтініш» жүйесі арқылы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген.

Департаменттің араласуынан кейін сатушы өз қателігін мойындап, жетіспеген тауарды «Қазпошта» арқылы жіберген әрі тұтынушының 6 000 тг шығынын өтеген.

Осыған дейін Ақтөбеде шаң сорғыш алам деп басы дауға қалған тұтынушының құқығы қорғалғаны туралы жаздық.