Тұтынушы құқығы қорғалып жатыр деп айта алмаймыз – Тұрсын Жағыпарова
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда тұтынушылардың құқығы қорғалып жатқан жоқ. Kazinform тілшісіне берген сұхбатында «Сапа» тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі ұлттық ұйым» қоғамдық бірлесті төрағасының орынбасары Тұрсын Жағыпарова осылай деп пікір білдірді. Оған соңғы кезде тұтынушылардан түсетін толассыз шағым дәлел екенін айтады.
– Қазақстанда тұтынушылардың құқығы қорғалып жатыр деп айта алмаймыз. Елімізде министрліктер көп болғанымен, нақты тұтынушылардың құқығын тиімді қорғайтын ведомство жоқ. Сауда және интеграция министрлігі тек сандарды айтумен шектеледі, шын мәнінде нақты жұмыс жүргізіп жатқан жоқ, - дейді тәуелсіз сарапшы.
Соңғы 15 жылда кәсіпкерлер заңды дұрыс түсінбей, даңдайсып кеткенін айтады.
– Тұтынушылардан шағым көптеп түсіп жатыр. Соңғы 15 жылда Қазақстан кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған саясат жүргізді. Айыппұл мөлшері төмендетілді, бірнеше рет мораторий жарияланды, түрлі мүмкіндіктер ұсынылды. Бірақ өкінішке қарай, кәсіпкерлердің басым бөлігі, шамамен 80%-дан астамы бұл саясатты дұрыс түсінбей, 90-жылдардың сауда әдісіне қайта оралды. Олардың басты мақсаты – тауарды қалайда сату. Сапа, заңдылық – екінші орында. Сапасыз, жалған өнімдер көптеп сатылып жатыр, - дейді ол.
Сарапшының айтуынша, қазіргі кәсіпкерлер тауардың сапасына қарағанда жарнамасына көп көңіл бөледі.
– Кәсіпкерлер арасында білім де жетіспейді. Олар әдемі жарнамалауды үйреніп алған. Тұтынушының назарын аударып, өнімді сатумен айналысады. Ал өнімге қатысты мәселе туындаса, жауапкершілік алғысы келмейді. Маған келетін тұтынушылардың көбісі «Жарнамасы керемет болды. Ақшаны қайтарғымыз келсе, бермей жатыр» деп шағымданады, - дейді Тұрсын Жағыпарова.
«Сапа» Тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі ұлттық ұйым» қоғамдық бірлесті төрағасының орынбасары пандемиядан кейін онлайн сауда қарқынды дамып, жағдайды одан сайын қиындатқанын жеткізді.
– Пандемия онлайн сауданың қарқынды дамуына себеп болды. Алайда еліміздің заңнамасы бұл өзгеріске дайын болмады. Қазір онлайн саудаға байланысты шағымдар өте көп, бірақ сол шағымдарды қарап, нақты шешім шығаратын орган жоқ. Сондықтан бүгінгі күні Қазақстанда тұтынушылардың құқығы толыққанды қорғалып жатыр деп айта алмаймын, - дейді.
Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстанда электрондық сауда нарығы 3,1 трлн теңгеден асты. Оның 85 пайызға жуығы маркетплейстер үлесіне тиесілі.