Тұтқынға алуға балама болатын жазаларды кеңінен қолдану керек - семинар

АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Жоғарғы сотта Қазақстан Республикасындағы жаза қолдану тәжірибесі мен осы саладағы заңнамаларды жетілдіру мәселесіне арналған семинар өтті.

Аталмыш шараға судьялар мен құқық қорғау саласының мамандары мен Парламент депутаттары және азаматтық қоғам институттары мен халықаралық ұйым өкілдері қатысты. Жиын барысында олар қазақстандық заңнамалар мен құқық қорғау тәжірибесі жаза қолдану барысында азаматтардың құқықтарының толыққанды сақталуына қаншалықты ықпал ете алады деген мәселе төңірегінде пікір алмасты. Бұл ретте басты назар әсіресе жаза қолдану тәжірибесі бағытындағы Құқықтық саясатты зерттеу орталығының статистикалық шолуларына аударылды.

Аталмыш орталықтың деректерінше, тұтқынға алу әзірге жаза қолдану бағытындағы басты шаралардың бірі болып отыр. Ал халықаралық стандарттарға сәйкес ол ең соңғы шара болуы тиіс. 2009 жылдың мәліметтері бойынша, тұтқынға алу жөніндегі талап-тілектердің 96,5 пайызы сот органдары тарапынан қанағаттандырылған. Қалыптасқан жағдайды өзгерту үшін жаза қолдану шараларының тізімін заң жүзінде қысқартқан жөн. Ұсталған азаматқа құн төлеу, үйден шығармау сияқты бас бостандығынан айырумен байланысты емес өзге құқықтық шектеулерді жиі қолданған жөн немесе жаза қолдануды анықтау өкілеттігін сотқа берген дұрыс.

Осыған қарай жиында күн тәртібіндегі мәселе жөнінде сөз қозғаған Судьялар одағының төрағасы, Жоғарғы соттың судьясы Владимир Борисовтың сөзіне қарағанда, жаза қолдану тәжірибесі Қазақстандағы құқық қорғау жүйесін реформалау мәселелеріне байланысты ерекше өзекті болып отыр. «Бұл орайда реформаның басты ерекшеліктерінің бірі - қылмыстық қудалауды болашақта мүмкіндігінше қысқарту болып отыр. Бұл мәселеде жақсы жетістікке қол жеткізудің ең ұтымды жолдарының бірі- тұтқынға алуға балама болатын жазаларды кеңінен қолдануға жол ашу», - деді Жоғарғы соттың судьясы.